АҚШ асыраған ару...

АҚШ асыраған ару...
almaty-akshamy.kz

жүрек түкпіріндегі жан сырымен бөліседі

Отандық Jibek joly телеарнасында «Шетелдегі қазақ ба­лалары» деген жоба бар. Авторы әрі жүргізушісі – белгілі журналист Жанар Байсемізова. Аталған жоба әлеуметтік желіде ең көп пікір жазылатын, көрермені көп бағдарламаға айналды. Ол бірде қуанып, бірде мұ­ңайып көретін, үнсіз ғана құлақ қоя тыңдайтын, жүрек­терді қозғайтын оқиғалар желісінен тұрады. Басты кейіпкерлері – Қазақстанда туып, бірақ өзінің бесік жырын, туған анасының «айналайынын» естімей өскен, шетел асып кеткен, яғни асырап алынған қыз- жігіттер.

Біз әлеуметтік желіде кеңінен тараған, көбірек бөлісіл­ген Динара мен Сабина есімді бойжеткендердің бағ­дарламадағы жүрекжарды әңгімелерін қағазға ық­шамдап түсірген едік. Бүгін әуелі Динара бойжеткеннің айтқандарына құлақ түрейік.

Бірінші оқиға:

«Туған шешемді көп күттім,  ол келген жоқ...»

– Балалар үйінде мені туған анамның іздеп келгені есімде. Бәріміз үйықтап жатқанбыз. Күндіз болатын. Мені оятып, «Динара, саған біреу келіп тұр» деді. Басымды төмен салбыратып шықтым. Мені мамам күтіп тұр екен. Ол мінезі қатал әйел болатын. Маған көп тәттілер мен тамақ әкеліпті. Көп нәрсе айтқан жоқ. Тек маған «бір күні сені үйге алып кетемін» деді.

Балалар үйінде көп қиындық көрдім. Туған шешемді көп күттім. Ол келген жоқ.

Құдай мені жарылқап, алты жасымда ата-анам пайда болды. Олар жетім бала­ларды асырап алатын сайттан менің су­ретімді көріпті. Сүп-сүйкімді болыппын. Суретімді көрген бойда анам «біз оны тезірек алып кетуіміз керек» депті. Осы­лайша өмірге екінші рет қайт а келдім.

Мені ұшақтан көп адам қарсы алды. Жаңа өмір басталды. Өмірімде бірінші рет жеке үйім, жеке бөлмем пайда болды.

Жоғары сыныпта оқып жүргенде, ата- анам ажырасып кетті. Өзім де сол кезде күй­зелісте жүрген едім. Отбасымның бүлінуі жығылғанға жұдырық болды. Қуаныштысы, қазіргі күні анам да, әкем де өз теңдерін тап­ты.

***

– Көңілсіз, қорқынышты сәттер жадымда жаңғырып тұр. Жанымды жаралаған оқиға­лар көп болды. Туған анамның қорған болма­сын білсем де, балалар үйіне қалай түстім деп ұзақ ойланатынмын. Маған тамақ беріп, киіндіретін бір жайлы жер болғанын қала­дым. Сол кезде бірге болған балаларды ұмыт­қан жоқпын. Олар үнемі менің басымда.

Мені бір-екі жасымда сонда тастап кетті.

Анама қатты зәру кезде жалғыз қалдым. Ай­наламда мен сияқты жалғыз қалған балалар! Тәрбиешілер үнемі ауыса беретін.

Күн күркіреп, найзағай ойнағанда, зәре- құтым қалмайтын. Оның ауа райының жәй ғана құбылысы екенін түсінбедім. «Қорықпа, қазір басылады» деп жәй ғана тыныштанды­ратын анам болған жоқ... Бір нәрсені көзіңе жас алмай айту мүмкін емес... Біз бір отар қой сияқты болдық, қайда айдаса сонда бара­тын. Әрқайсысымызға жеке адам ретінде қарамайтын. Мейірім, махаббат, қамқорлық дегенді көрмей өскен жетімдердің тобыры болдық.

***

– Бойым бәрінен ұзын болды. Балалар­дың арасында сорайып тұратынмын. Бәрі мазақтайтын. Ашқарақ болдым, тамаққа тоймайтынмын.

Сиыр деп атап кетті мені. Білесіз бе, үп- үлкен тәрбиешілер сиыр дейді балаға! Бізде тамақ бар, ішетін су бар, тұратын жер бар, алайда мейірім, қамқорлық, махаббат, жылы­лық жоқ. Тәрбиешілер мені жек көретін. Зекіп ұрысатын.

Бізде бір ереже бар еді, жаман бала бол­саң, сені жазалайды. Кішкентай ғана бірде­ңені бүлдіріп қойсаң, жаман қызбын. Әрине, тәрбиешілер бізді бір нәрсеге үйретуге ты­рысты. Бірақ мен өлместің күйін кештім, тірі қалуға тырмыстым, алға ұмтылдым. Жетім балаларға жеке дара ешнәрсе жасалмайтын.

Тағы бір есімде қалғаны, бізді автобуспен суы, құмы бар бір жерге апарды. Ауа райы тамаша болатын. Тәрбиешілер бәрімізді жүзе алады деп ойлады ма, білмеймін, маған ешкім ешнәрсе үйретпеді. Бізді шомылыңдар деп суға жіберді. Бір кезде суға батып, тұн­шыға бастадым. Сол кезде қатты қорқып, шошып қалдым. «Мамама барам, мама!» деп шыңғырып жыладым. Дірілдеп кеткем. Бірақ мені ешкім жұбатқан жоқ. Маған айқайлады. «Егер жылауыңды қоймасаң, саған тамақ бермей қоямыз» деді. Осы сөздерді әлі күнге ұмыта алмаймын. Мен бақытсыз бала бол­дым.

***

– Тәрбиешілер бізді мазақ ететін. Тіл алмаған балаларды жуынатын бөлмеге апа­рып, ағашпен ұратын. Тіпті, бір баланың денесін үтікпен күйдірген, өз көзіммен көрдім. Мен өзімді қорғауға тырыстым, аш қалмау үшін тәрбиешінің сөзін екі етпей орындадым. Жақсы тәрбиешілер де болды, бірақ олар үнемі ауысып кететін. Жаңадан келгендері өз білгенін істейтін.

Мені де талай рет ұрып, соқты. Бала де­ген жақсы мен жаманды айыра алмайды ғой. Бірдеңені бүлдіріп қойсаң, жуынатын бөлме ге апарып, еңкей деп айтатын. Сосын ағаш таяқпен аямай ұратын. Тобымызбен жуын­дыруға апарғанда, бір тәте үстімізді ысатын еді. Жазықты болсақ, ыстық судың астына тұрғызып қоятын. Бірде досым (Асхат деген бала, Динарамен бір күнде мұхит асқан, яғни ол да асырап алынған жігіт, қазір Каро­лина штатында тұрады, екеуі әлі күнге дос) екеуміздің не бүлдіргеніміз есімде жоқ, тыңдамадық па, білмеймін, аузымызға са­бын тығып, жуынатын бөлменің жарығын өшіріп, қамап кетті. Тырп етпей тұруымыз керек. Қап-қараңғы бөлмеде өлердей қорық­қаным есімнен кетпейді. Әлі де жүрегім ауырады.

***

– Америкада да мен көп қиындық көрдім. Басымнан өткен небір зұлматтарды тізбек­тей кетіп, көзі қанталаған, өзегі өшпенділік­ке толы қатыгез адамға айналуыма болар еді. Ә десе, мә деп тұратын, адам баласына қа­лай болса солай қарайтын азғын адамға ай­налуыма болар еді. Бірақ менің жүрегімде зұлымдық жоқ. Егер өкпе-ренішті, жан жа­расын өмір бойы арқалап өтуді қаласам, ең алдымен өзіме зияны тиетін еді. Жүрегім бұған шыдамай жарылып кетер еді. Өмірім сұрықсыз суретке ұқсар еді.

Иә, мен қиын өмір сүрдім. Бірақ са­намды сергелдеңге салып, жан дүниемді азаптап, көңіл айнасын қайтадан кірлетпеуге жол бермейін. Қараңғы тұсымды қазбалай бермей, жарыққа ұмтылуға шешім қабылда­дым. Басымнан өткен қиындықтар мені жетілдірді. Мен қатыгез, зұлым болуға келіспеймін. Мен Динараның жақсы жағын көбейткім келеді.

***

– Сәлем, мама! Мен сені қатты жақсы көрем. Сенде бәрі жақсы деп ойлаймын. Қайда болсаң да, бәлкім жұмақтасың, бәлкім тірісің, өміріңде қандай жағдай болмасын, сен менің жүрегімдесің, менің бір бөлігімсің, білесің бе, менің мына ішімдесің, мама! Мен сені көп ойлаймын. Сен істеуің керек нәрсені жасадың. Мені балалар үйіне өткізіп кет­кенің үшін ұяттан өртеніп жүрген боларсың, ештеңеден ұялма. Менің жақсы өмір сүр­генімді қаладың ғой, мені баға алмай қинал­ған шығарсың. Мен сені жақсы көремін, мама! Қайда жүрсең де аман бол! Менің жү­регімдесің. Мен сені ешқашан ұмытпаймын.

«Аlmaty-akshamy», №132, 4 қараша, 2023 жыл