Ақмола облысында биыл 7 адамды кене шаққан

Ақмола облысында биыл 7 адамды кене шаққан
Cурет: Inform.kz

Ақмола облысында сәуір айында кене шағудың жеті жағдайы тіркелді. Бұл туралы облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Айнагүл Мусина мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz-қа сілтеме жасап.

«Сәуір айында кене шағудың жеті жағдайы тіркелді, оның бесеуі Көкшетау қаласында, біреуі Зеренді ауданында және біреуі Степногор қаласында», - дейді Айнагүл Мусина. Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің айтуынша, Сандықтау ауданы 2018 жылдан бастап кене энцефалиті бойынша эндемикалық аймақ болып танылды. Алайда кенелер шекара маңындағы аумақтарға жылжи алады, сондықтан кене энцефалитін жұқтырудан сақтану керек. Өйткені жыл сайын облыс аумағында 466-дан астам кене шағу жағдайы тіркеледі және оның ең көбі (50 пайыздан астамы) көктем айларында болады. «Кене шаққан жағдайда үш күн ішінде дер кезінде медициналық көмекке жүгініп, иммуноглобулинмен серопрофилактика алу қажет. Ал 3 күннен аса уақыт өткеннен кейін жүгінген кезде серопрофилактика жүргізілмейді», - деп толықтырды Айнагүл Мусина.

Осы ретте ол кене шаққан адам бірден жақын маңдағы медициналық мекемеге барып, дәрігердің көмегіне жүгінуі қажеттігін еске салады.