Әйелдердің зейнет жасы 61 жас болып белгіленді

Әйелдердің зейнет жасы 61 жас болып белгіленді
lsm.kz
Сенат депутаттары әйелдердің зейнеткерлік жасын 2028 жылға дейін 61 жас етіп белгілеуді көздейтін "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Заң жобасының мақсаты Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнамасын жетілдіру болып табылады.

Заң жобасы 1 кодекс пен 13 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді, олар келесі тұжырымдамалық түзетулер мен новеллаларды қамтиды:

- жастардың жасын 35 жасқа дейін ұлғайту;
- "жастарды дамыту индексі", "жастардың әлеуметтік қызметтері", "уақытша орналастырылмаған жастар", "жастармен жұмыс жөніндегі маман", "жастардың еңбек жасақтары" ұғымдарын заңнамалық бекіту;

- жастар ресурстық орталықтарының функцияларын кеңейту;

- мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарына жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруды және жастар арасында волонтерлікті дамытуды енгізу;

- уәкілетті органның құзыретіне жастармен жұмыс жөніндегі мамандардың үлгілік біліктілік сипаттамаларын жастардың еңбек жасақтарын құру, ұйымдастыру, қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың қызметіне мониторинг жүргізу қағидаларын, жастарды дамыту индексін ендіру және қолдану қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі функцияларды енгізу;

- бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін 1,5 жасқа дейін ұлғайту;

- жоспарланған әйелдердің зейнеткерлік жасын  арттыруды 2023 жылдан бастап 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде тоқтата тұру;

- базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен ұлғайту;

- ортақ зейнетақы мөлшерін есептеу кезінде табыстың ең жоғары шектелуін 46 АЕК-тен 55 АЕК-ке дейін арттыру;

- сақтандырылған адамдар үшін жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшерін орташа айлық табыстың 45%-на дейін арттыру;

- мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға ұсынылатын кепілдендірілген әлеуметтік пакетті монетизациялау;

- сұранысқа ие кәсіптері мен дағдылары бар шетелдіктерге Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру үшін төлем қабілеттілігін растау туралы талапты алып тастау.

"Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының тұрақты комитеттерінен заң жобасының тұжырымдамасы бойынша ескертулер мен ұсыныстар келіп түскен жоқ. Баяндалғанды ескере отырып, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті, Сенат регламентінің 58-тармағын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мақұлдаған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы заңының жобасын бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынады", – деді Ақмарал Әлназарова.