Әуезов ауданындағы жол жөндеу жұмыстары қашан аяқталатыны белгілі болды

Әуезов ауданындағы жол жөндеу жұмыстары қашан аяқталатыны белгілі болды
Сурет: Avtovzglyad.ru

Ерболат Досаев Әуезов ауданындағы жол-көлік инфрақұрылымы жайында айтты.

Алматы әкімі Ерболат Досаев осы жыл басынан бастап Әуезов ауданында ұзындығы 24,5 км болатын 22 көше мен өтпе жолдарда орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Бұл туралы қала басшысы халықпен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бүгінгі таңда ұзындығы 17,9 км болатын 20 көше мен өтпе жолдарда жұмыс аяқталды.

«2022 жыл қараша айының соңына дейін Саин (4,7 км) және Навои (1,8 км) көшелерінде орташа жол жөндеу жұмыстары аяқталады. Ауданы 16,8 мың шаршы метр болатын 60 көшеге ағымдағы жөндеу жүргізілді», - деді қала басшысы.

Әкімнің айтуынша, көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында Саин көшесінің батыс жағынан Жандосов пен Шаляпин көшелерінің арасына және Қабдолов көшесінің оңтүстік жағынан Саин көшесі мен Алтынсарин даңғылының арасына  екі  жаңа аялдама орнату жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар 2022 жылдың соңына дейін аяқталады.

«Қажеттілікке байланысты 2023 жылы Өтеген батыр көшесінің батыс жағынан Абай даңғылы мен Қуанышбаев көшесінің арасына, Төле Би көшесінің оңтүстік және солтүстік жағы – Отар көшесінің бұрышына үш қосымша аялдама орнату жоспарланған», - деді Ерболат Досаев.