Әуезов ауданында да мектеп салу және оларды кеңейту мәселесі жолға қойылған

Әуезов ауданында да мектеп салу және оларды кеңейту мәселесі жолға қойылған
Сурет: Tumba.kz

Оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында ауданда 2022 жылға 1 мектепті ашу, 3 мектепті кеңейту және 2 жаңа мектепті жобалау жоспарланған.

Биылғы маусым айында 4-ші шағынауданда 400 орындық «Достық» жеке мектебі ашылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бұл туралы бүгін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың Әуезов ауданы тұрғындарымен өткен кездесуінде айтылды. 

Қала басшысының айтуынша, 1 қыркүйекке қарай №117 мектепке 900 орындық және №132 мектепке 825 орындық 2 жапсаржай пайдалануға беріледі.

«Әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде құрылыс салушы Everest Development  жылдың соңына дейін 400 орындық №104 мектепке 2-ші шағынауданда қосымша құрылыс салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді жоспарлап отыр. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2023 жылға жоспарланған», - деді қала әкімі.

Салынып жатқан «City plus» және «Белкамит» тұрғын үй кешендерінің жанында құрылыс салушы "Қазақстрой" 1 500 орындық 2 жаңа мектеп және 800 орындық 2 балабақша салуды жоспарлап отыр.

«City plus» кешенінің жанында 600 орындық мектеп және 300 орындық балабақша салу үшін әкімдік жер учаскесін алып қоюды жүргізуде.

«900 орындық екінші мектеп пен 500 орындық балабақша құрылысы бойынша құрылыс салушы бұрынғы «Белкамит» зауыты аумағының бір бөлігін сатып алуға әрекет жасауда. Осы төрт білім беру нысаны бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы келесі жылдың І жартыжылдығында әзірлеп, ал құрылысты 2023 жылдың ІІ жартыжылдығында бастап, 2024 жылы пайдалануға беру жоспарлануда», - деді қала басшысы Ерболат Досаев.