Әскери психологтар кәсіби деңгейін жетілдіруде

Әскери психологтар кәсіби деңгейін жетілдіруде
Cурет: Қорғаныс министрлігі

Іс-шараға Қарулы Күштердің 200-ден астам психологы қатысты

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында Қарулы Күштердің психологтарымен оқу-әдістемелік жиыны өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әскери психология – әскери қызметшілердің жауынгерлік іс-қимылға қажетті ерекшеліктері мен қасиеттерін қалыптастыру мен сақтаудың маңызды тетігі. Қарулы Күштерде басқару органдарындың бөлімшелерінде, әскери бөлімдер мен батальондарында психологтарды қамтитын психологиялық қызмет жұмыс істейді.

Жиынның басты мақсаты – қиын жағдайға тап болған әскери қызметшілерге көмек көрсетуде психологиялық жұмысты ұйымдастырудың бірыңғай тәсілін әзірлеу. Іс-шара әскери психологтарды әскери ахуал факторларынан туындаған жеке құрам арасындағы психогендік бұзылуларға байланысты жұмыс әдістемесін оқытуға баса назар аударылды.

Бас штаб бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаевтың басшылығымен өткен іс-шараға Қарулы Күштердің 200-ден астам психологы қатысты.

Алматы қаласының жетекші оқу орындары мен жергілікті атқарушы органдарынан шақырылған мамандар шеберлік сабақтарын өткізді.

«Қатысушылар тәжірибе алмасып, тренингтер барысында стресстік жағдайлардағы психологиялық өзін-өзі реттеу тәсілдеріне, жауынгерлік жағдайларда психологиялық көмек көрсетуге және әскери қызметшілерді психологиялық оңалту жұмысына машықтанды»,-делінген хабарламада.

Жиын барысында Қарулы Күштер қатарына әскерге шақыру кезінде азаматтарды сапалы іріктеу мәселелерін талқылауға да ерекше назар аударылды.

Аталған шара ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскери қызметшілердің моральдық рухын сақтауды қамтамасыз ету, мерзімді әскери қызметтің беделі мен қызығушылығын арттыру тапсырмаларын іске асыру аясында өтті. Жүктелген міндеттерді шешуде әскери психологтардың атқаратын рөлі маңызды.