Әр қазақстандықтың дауысы маңызды

Әр қазақстандықтың дауысы маңызды
almaty-akshamy.kz

Алдағы референдум университет студенттеріне де түсіндіріле бастады 

Конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша референдум өткізуді қоғамдық қолдау жөніндегі қалалық штаб басшысы Рахман Алшанов, Олеся Клименко мен Жомарт Құдайбергенұлы 200 студент пен оқу орны қызметкерлері жиналған көпшілік алдында сөз сөйледі.

Рахман Алшанов референдумда әр қазақстандықтың дауысы маңызды екенін алға тартып, заң бойынша халықтың кем дегенде 50%-ы референдумға қатыспаса, оның нәтижесі жоққа шығарылатынын баса айтты. Штабтың тағы бір мүшесі, журналист Олеся Клименко алдағы референдум біздің тұтастығымыз бен бірлігіміздің көрінісі болатынын атап өтті.

«Мен көп жылдан бері этно-мәдени салада жұмыс істеп келемін. Неміс газетінің редакторы қызметін атқарамын. Осы жылдың 5 маусымында өтетін референдумды жалпыұлттық деп атауға толық негіз бар. Себебі, халық дауыс беру арқылы өзінің бірлігін, белсенді азаматтық ұстанымын, Жаңа Қазақстанды құруға ниетін көрсетеді. Айтып отырған өзгерістер соңғы бір-екі айда пайда болған дүние емес, халықтың жылдар бойы елді басқаруға деген талпынысынан туған қажеттілік. Сондықтан ел тағдырына бей-жай қарай алмайтын әр азамат дауыс беруге қатысады деп ойлаймын», – деді журналист.

Ал саяси ғылымдар докторы Жомарт Құдайбергенұлы референдумның тек саяси жақтарына тоқталып, өзгерістердің әсерін жастарға түсіндірді.

Жиын соңында студенттер мен оқытушылар түсінбеген жерлерін сұрап, өз ұсыныстарын білдіріп жатты. Кішігірім пікірталас өтті десек те болады.