Әлеуметтік салаға 8 трлн теңге бөлінеді

Әлеуметтік салаға 8 трлн теңге бөлінеді
Сурет: exk.kz

2023 жылы әлеуметтік салаға 8 трлн теңге көлемінде қаражат жоспарланып отыр.

2023-2025 жылдары республикалық бюджеттің негізгі үлесі әлеуметтік салаға бағытталады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Бюджет шығыстарының құрылымын қарайтын болсақ, оның негізгі үлесі әлеуметтік салаға келеді. 2023 жылы әлеуметтік салаға 8 трлн теңге көлемінде қаражат жоспарланды. Шығыстар зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге, білім беру, денсаулық сақтау салаларын, мәдениет және спортты дамытуға, жастарды ынталандыруға бағытталатын болады», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Министрдің айтуынша, экономиканың нақты секторын дамытуды қолдауға 2023 жылға 2,1 трлн теңге көзделді.

«Аталған бағыттың басымдықтары – өңдеу өнеркәсібін дамыту, аймақтарда инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жалғастыру; кәсіпкерлікті, кіші және орта бизнесті дамыту және қолдау, көлік және газ тасымалдау жүйесін дамыту болып отыр», - дейді Қаржы министрі.