Әлемнің 21 елінен делегаттар келді

Әлемнің 21 елінен делегаттар келді
Almaty-akshamy.kz

Алматыда Еуро-Азия өңірлік хайуанаттар мен аквариумдар қауымдастығының жыл сайын өтетін дәстүрлі халықаралық конференциясы өтіп жатыр.  

«Қазақстан» қонақ үйінде Алматы хайуанаттар бағы ұйымдастырған шараға әлемнің 21 елінен (Германия, Қытай, Малайзия, Түркия, Швеция, Бразилия, Әзірбайжан, БАӘ, Өзбекстан, Беларусь, Ресей, Чехия, Тәжікстан, Қырғызстан, Армения, Словакия, т.с.с) 160-тан астам делегат қатысуда. 

Еуроазиялық өңірлік хайуанаттар мен аквариумдар қауымдастығының (EARAZA) Президенті Светлана Акулованың айтуынша, конференцияда хайуанаттарды күтіп-баптау, сирек кездесетін, азайып бара жатқан түрлерін сақтау және көбейту, жануарларға қолайлы жағдай жасау сынды тақырыптар талқыланады. Сонымен қатар қауымдастық қатарына жаңа мүшелер қабылданады.  

– Алматыдай әсем қалада бас қосқанымыз үшін қуаныштымын. Сондықтан, мен ең алдымен бізге қолдау білдірген Алматы қаласы әкімдігіне, Хайуанаттар бағының басшылығына және іс-шараны ұйымдастыруға үлес қосқан барлық әріптестерімізге алғыс айтамын. Қазіргі хайуанаттар бағының басты міндеті – планетамыздың биоәртүрлілігін сақтай отырып, сирек кездесетін жануарлардың қатарын көбейту, оларды қамқорлыққа алу. Сондықтан бүгінгі іс шарада сіздер әлемнің түрлі елдерінен келген тәжірибелі мамандардың жұмыстарымен танысып, мықты ветеринарлардың кеңесін тыңдайсыздар. Диалог алаңында әріптестік байланыс орната отырып, көптеген мәселелерді шешудің жолдарын қарастыратын боламыз. Сондай-ақ, бүгін біз 4 елде ашылған 7 түрлі жаңа хайуанаттар бағымен танысамыз. EARAZA конференциясы – зоологиялық қауымдастық үшін қашанда ауқымды шара болып қала бермек. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарға бүкіл әлем мамандарының қызығушылық танытып жатқаны бізді қуантады, – дейді қауымдастық басшысы. 

Іс-шара барысында EARAZA-ның осы бағыттағы проблемалары мен перспективалары талқыланды. Конференцияға қатысушылардың әрқайсысы өз еліндегі жануарлар әлеміне қатысты мәселелерге тоқтала отырып, әзірлеген баяндамаларын оқыды. Қатары сиреп бара жатқан және сирек кездесетін хайуанаттар мен зардап шеккен жануарларға қандай қамқорлық көрсетіп жатқандары жайында тәжірибелерімен бөлісті.  

Айта кетейік, конференция 13-15 мамыр аралығында өтеді. Іс-шараның бірінші күні конференцияға келген қонақтар ресми тіркеуден өтіп, өзара әріптестік байланыс орнатуға арналды. Одан кейін шетелдік қонақтар Алматы хайуанаттар бағына саяхат жасады. 

Бүгінде Алматы мемлекеттік зоологиялық паркінде 3,5 мыңнан астам жануарлардың 400-ге жуық түрі бар экспозиция орналасқан. Бұл жануарлардың барлығы алты экспозиция секциясына бөлінген. 

Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, конференцияның соңғы күні шетелдік қонақтар «Алтын емел» ұлттық паркіне, Шарын шатқалы мен «Айғайқұм немесе Әнші құм» атты құмды төбеге саяхат жасауды жоспарлап отыр.  



Александр ЛИПКОВИЧ, биология ғылымдарының докторы, Ростов хайуанаттар бағы ғылыми-әдістемелік бөлімінің аға ғылыми қызметкері:

Алматының тауларын көру – арманым...

Конференцияға қатысып жатқаныма өте қуаныштымын. Бұған дейінгі іс-шара Ростов хайуанаттар бағының 95 жылдығына орай біздің елде өткен болатын. Ең бастысы мұндай басқосу мамандардың өз тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік береді. Себебі, Хайуанаттар бағында орын алатын жағдайлар осындай басқосуларда шешімін тауып жатады. Бүгінгі іс-шара осындай ақпараттарды бөлісуімен құнды. 

Қазақстанның басқа қалаларына барғанмын. Бірақ, Алматыға алғаш келуім. Қала туралы өте көп жақсы пікірлер естимін. Сондықтан ең бірінші қаланың өзін аралап, тамашалағым келеді. Одан кейін тауларын көру – менің арманым... Алдағы күндері таулы аймаққа саяхат жасауға уақыт табамын деп ойлаймын.