«Әке –асқар тау, биік шың»

«Әке –асқар тау, биік шың»
Сурет: Самат Серікбайұлы

Бірінші қалалық әкелер форумы өтті

Қала күні қарсаңында Наурызбай ауданында орналасқан оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығының мәжіліс залында Отбасы күніне арналған «Әке – асқар тау, биік шың» атты бірінші қалалық әкелер форумы өтті, деп хабарлайды   Almaty-akshamy.kz.

Форумға қонақ ретінде ардақты әкелер – қаламыздағы танымал кәсіпкерлер, білім саласындағы белсенділер, еңбек адамдары қатысты. Форум төрінде  өзі отбасындағы жиырмасыншы ұл саналатын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кенжеғұл Сейітжанның толқи сөйлегені талай әкеге ой тастап, серпілткені сөзсіз. Форумның модераторы Алматы қалалық  мәслихатының депутаты Серік Есматов болды. «Әкелер одағы» РҚБ Алматы филиалының жетекшісі Әлихан Мұсатаев та тебірене сөйледі.

 

«Осы форумды ұйымдастыруға сеп боп отырған Алматы әкімдігіне, Әйелдер істері және отбасы демографиялық саясат комиссиясына алғыс айтамыз. Мына жиынға қаламыздағы қоғамдық жұмыстарда  іскерлігімен танылған қыз-келіншектеріміз тік тұрып қызмет етіп жатқанына сүйсіндік. Өздері демеушілік етіп, өздері ұйымдастырды. Осы форумның басы-қасында жүрген, әділқазы алқасының хатшысы Гүлнара Қасымбекқызына алғысымыз айрықша. Әрине, ер азаматтарымыздың сын-сайысына баға беру бізге оңайға  соққан жоқ», – деді әділқазы алқасының төрайымы Зәуреш Аманжолова.

Сонымен, жеңімпаз деп танылған әкелер 5 аталымда:  Тәжібек Дүкенов – «Зерделі әке», Болатхан Жәкенов –  «Креатив-әке», Сарқытбай Рысбаев – «Шығармашыл әке», Саин Ибрагим –  «Спортшы әке», Ербол Ілиясов – «Әнші әке» атанып, ақшалай және арнаулы жүлделермен марапатталды.