Абылай хан және қазақ мемлекеттілігі

Абылай хан және қазақ мемлекеттілігі
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Алматыда Абылай ханның 310 жылдығына орай ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды

Алматыда «Абылай хан және қазақ мемлекеттілігі: тарихи үдерістер мен сабақтастық» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлының І-ші оқулары аясында Абылай ханның 310 жылдығына орай ұйымдастырылған «Абылай хан және қазақ мемлекеттілігі: тарихи үдерістер мен сабақтастық» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы Ғылым ордасының Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында өтті.

Конференция жұмысына көрнекті ғалымдар мен жазушылар, докторанттар мен магистранттар қатысты. Негізгі баяндама жасаушылар З.Қинаятұлының өмір белестері мен ғылыми ізденістерінің тарихымызға қосқан үлесі туралы айтса, Абылай хан және қазақ мемлекеттілігі тақырыбына қатысты баяндама жасаған ғалымдар Абылай ханның қазақ тарихындағы тарихи рөліне сол кезеңнің тарихи контексінде қарастырды.

«Зардыхан Қинаятұлы – көптеген еңбектер жазды. Бұл кісінің негізгі зерттеу бағыты – орта ғасырлар, Шыңғыс хан құрған империя, оның Қазақстанға қатысты тұстары. Бүгінгі конференция Зардыхан ағамызды еске алып, соның аясында Абылайхан бабамыздың тағдырын зерделеп, тарих тұлғаларды насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Сондай-ақ жинақ шығарып жатырмыз. Бұл жинаққа елімізге танымал ғалымдардың баяндамалары енді. Бұл шара бір сәттік емес, жыл сайын өткізіліп отырады» – деді Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан мен іргелес елдер бөлімінің меңгерушісі Жомарт Жеңісұлы.

Конференция барысында Зардыхан Қинаятұлының ғылыми зерттеулері мен олардың тарихи маңызы, шет елдердегі қазақ зерттеушілерінің еңбектерінің зерделену жағдайы,  Абылай хан тұсындағы Қазақ хандығы тарихының мазмұнына тұжырымдамалық және әдіснамалық тәсілдер, Алтын Орда мен Қазақ хандығының сабақтастығы мәселелері жәгн Қазақ хандығы тарихын  зерттеудің өзекті мәселелері  талқыланды.

Сондай-ақ жиын аясында конференция материалдарының жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.