9 айда туризм саласының көрсеткіші 44%-ға өсті

9 айда туризм саласының көрсеткіші 44%-ға өсті
Сурет: Primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туризмді одан әрі дамыту шаралары талқыланды.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 3 млн-нан астам қазақстандық ел ішінде саяхат жасаған – бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 400 мыңға артық. Жыл соңына дейін ішкі туристер саны 9 млн адамға жетеді деп болжанып отыр. Сондай-ақ шетелдік туристердің саны екі есе өскен: 6 айдың қорытындысы бойынша 500 мыңнан астам адам. Жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 1,4 млн туристке жетеді деп күтілуде.

Туристер санының өсуімен туризм саласындағы кәсіпкерлерінің табысы да артты. Бірінші жартыжылдықта саяхатшылар мен демалушыларды орналастыру орындары 100 млрд теңгеге жуық табыс тапты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30 млрд теңгеге артық.

Сонымен қатар биылғы 9 айда туризм саласына 404,8 млрд теңге инвестиция тартылды – көрсеткіш 44%-ға өсті. Өңірлер бойынша Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе және Алматы облыстары көш бастап тұр.

Министр 2022 жылдан бастап Қазақстанда осы саладағы кәсіпкерлердің белсенділігін ынталандыруға бағытталған жаңа мемлекеттік қолдау шаралары енгізілгенін айтты. Жалпы 2023 жылдың басынан бастап барлық мемлекеттік қолдау шарасы бойынша оң динамика байқалады. Бүгінгі таңда жалпы 600 млн теңгеден астам сомаға өтінім мақұлданды.

Сонымен қатар туристік инфрақұрылымды дамыту, «Kids go free» бағдарламасын кеңейту, республиканың туристік имиджін халықаралық деңгейде ілгерілету, саланы цифрландыру және т.б. бойынша жұмыстар жалғасуда.

Алматы облысында тау шаңғысы және экотуризмді дамыту, Абай облысының тарихи-мәдени мұрасын таныту және Павлодар облысының Баянауыл курорттық аймағына туристерді тарту туралы өңірлер әкімдері Марат Сұлтанғазиев, Нұрлан Ұранхаев және Асайын Байханов баяндама жасады.

Сондай-ақ отырыста туристік бизнес өкілі Александр Гужавин сөз сөйледі.

Әлихан Смайылов Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес экономиканы әртараптандыру мәселесінде елдің туристік әлеуетін дамытуға барынша көңіл бөлуі тиіс екенін атап өтті.

«Бізге туризм саласында жаңа серпінді жобалар қажет. Соңғы 3 жылда салаға $4 млрд көлемінде инвестиция тартылды. 400-ден астам нысан салынып, 7 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылды», — деді ол.

Премьер-Министр Қазақстанда 20-дан астам танымал халықаралық деңгейдегі қонақ үйлер ашылғанын, мұның өзі шетелдік туристерді тартуға айтарлықтай ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар тек соңғы 3 жылдың өзінде ұлттық саябақтарда экотуристердің үздіксіз өсіп келеді.

«Өткен жылдан бері туризм нысандарын салу, тау шаңғысы курорттарын дамыту және туристік автобустар сатып алу жөніндегі жобалар мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. Ел ішінде саяхаттайтын Қазақстан азаматтары үшін балалар авиабилеттері субсидияланады. Туроператорларға шетелдік туристерді тартқаны үшін субсидиялар беріледі», — деді Әлихан Смайылов.

Жалпы 80 елдің азаматы Қазақстанда визасыз жүріп-тұра алады. 109 мемлекеттен келетін шетелдіктер үшін электрондық виза алу мүмкіндігі бар. Халықаралық әуе қатынасының географиясы да кеңейіп келеді.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда басым туристік аумақтар айқындалды. Онда “зәкірлік” жобалар іске асырылатын болады. Бұдан бөлек, еліміздегі туристік саланың үлкен әлеуетін ескере отырып, аталған жұмысқа әрбір өңір тартылуы тиіс деп санаймын», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Оның айтуынша, бұл ретте, туристік нысандарды жыл бойы пайдалану тұжырымдамасын кеңейту және құру қажет. Үкімет басшысы жұмысты жүйелі деңгейде құру маңызды екенін атап өтті. Нәтижесінде бұл Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат пен туризмді дамытудың жаһандық индексінде Қазақстанның рейтингін арттыруға мүмкіндік береді.