5 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылады

5 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылады
Сурет: ашық дереккөз

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бос жатқан және заңсыз пайдалануға берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару шарасы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«Биыл жыл басынан бері мемлекет меншігіне пайдаланылмай тұрған және заңнаманы бұза отырып берілген 1,8 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Жыл соңына дейін мемлекет меншігіне жалпы көлемі 5 млн гектар жерді қайтару жоспары бар. Мемлекеттік меншікке қайтарылған жерлер бірінші кезекте халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз етуге бағытталады. Қайтарылған жерлер аудандардың резервіне қойылады. Халық тиісті жайылым жерлермен қамтыған кейін қалған бөлігі конкурсқа шығарылады», - деген жауап алдық Ауыл шаруашылығы министрлігінен ресми сауалға.

Министрліктің хабарлауынша, жайылым туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр.

«Қазіргі уақытта Парламент мәжілісі депутаттарының бастамасымен әзірленген «Жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында елді мекендерге іргелес жатқан жайылымдық жерлерді басқа алқаптарға ауыстыруға тыйым салу бөлігіне, Жер кодексіне, сондай-ақ, «Жайылымдар туралы» заңға рұқсат етілген жүктеме нормасын 20-дан 50% дейін арттыру бойынша түзету енгізілгелі жатыр. Жергілікті атқарушы органдар аталған заңға енгізілетін өзгерістерді назарға ала отырып халықты жайылым жерімен қамтуды жергілікті деңгейде шешуі керек», - дейді ведомстводан.