35 мың тұрғынды үздіксіз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар

35 мың тұрғынды үздіксіз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар
Сурет Алматы қаласы әкімдігі

Алматының Думан шағын ауданындағы сорғы станциясын реконструкциялау 35 мың тұрғынды үздіксіз сумен қамтамасыз етеді, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz
 
Алматы әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары барысында және Медеу ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде 20 мыңнан астам адам тұратын Думан шағын ауданындағы су резервуарларын, магистральдық су құбыры мен сорғы станциясын қайта жаңарту барысын тексерді. Сумен жабдықтау мәселесі 11 жылдан астам уақыт бойы тұрғындарды алаңдатып келеді.

Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин қала басшысына ауыз су тапшылығы проблемалары және Думан ш/а ауыз сумен жабдықтаудың қосымша көзін қамтамасыз ету жөніндегі даму жоспарлары туралы баяндады. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған резервуарлардың өткізу қабілеті тәулігіне 2,6 мың текше метрді құрайды. Жазғы кезеңде тәулігіне 2,2 мың текше метр тұтыну тапшылығы байқалады, бұл ретте көппәтерлі үйлердің 4-5 қабатына су жетпейді. Бұдан басқа, шағын аудан аумағында 2025 жылға дейін пайдалануға берілетін жаңа тұрғын үй кешендерінің құрылысы жүргізілуде, бұл өз кезегінде Думандағы халықтың өсімін 15 мың адамға арттырады және су тұтынудың қосымша тапшылығын тудыруы мүмкін.

Алматы әкімі Ерболат Досаев нысанды техникалық тексеруді дайындауды жеделдетуді және жобаны құрылыс басқармасына жедел тапсыруды тапсырды. 

«Қала тұрғындарын сумен қамтамасыз ету-басты міндет. Біз Думан шағын ауданының тез өскенін білеміз, белсенді құрылыс жүріп жатты, сәйкесінше инженерлік желілердің қуаты жетіспейді, соның ішінде ауыз су тапшылығы бар. Техникалық байқаудан кейін бұрынғы нысанды қалдырамыз ба әлде жаңасын саламыз ба, тиісті шешім қабылдаймыз», - деп атап өтті қала басшысы.

Сондай-ақ, Ерболат Досаев аудан әкіміне, құрылыс және энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшыларына инженерлік коммуникацияларды тұрғын үйлерге жеткізу бойынша үдерістерді жеделдетуді тапсырды.