29 қараша – Халықаралық ягуарлар күні

29 қараша – Халықаралық ягуарлар күні
Сурет: интернеттен

Осыған орай Алматы зообағы ягуардың ерекше тіршілігі туралы айтып берді.

Бұл күн жабайы табиғатта осы жануарлар түрінің жойылып кету қаупіне назар аударуға арналған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Диана атты ягуар 2007 жылы Алматы зообағында дүниеге келген. Дегенмен сол жылы жайсыз оқиға болған. Оның әкесі, белгісіз себептермен Диананың аяғын қатты жарақаттап, құйрығының бір бөлігін жұлып алған.

"Алайда ветеринарларымыз Дианаға дер кезінде көмек беріп, аяғының аман қалған бөлігін сақтап қалды. Ягуар үнемі ветеринарлардың бақылауында. Қазір Диана – Алматы хайуанаттар бағында көп жылдан бері тұратын, келушілеріміздің сүйікті жануарларының бірі", - делінген зообақтың Instagram-дағы парақшасында.

Мамандардың айтуынша, Диана денесіндегі жарақаттарына қарамастан ширақ қимылдайды, айналасымен де жақсы қарым-қатынаста.

"Көрікті жануарымызға мықты денсаулық, ұзақ өмір тілейміз", - деп қосты Алматы хайуанаттар бағы.