25 мамырға дейін Алматыдағы субұрқақтар толық іске қосылады

25 мамырға дейін Алматыдағы субұрқақтар толық іске қосылады
Сурет: Yvision.kz

Қалада 128 субұрқақ бар.

Алматыда субұрқақтар 25 мамырға дейін кезең-кезеңімен, тексерістен өткен соң іске қосылады, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Бүгінде Алматы қаласында 128 субұрқақ бар, оның 63-і коммуналдық меншікте, 65-і жеке меншікте. «Eco Almaty» ЖШС 63 коммуналдық субұрқаққа қызмет көрсетеді. Оның 60-ын кестеге сәйкес биыл 25 мамырға дейін қосу жоспарланды. Үшеуі қайта жаңартылуда (Әуезов атындағы «Қаздрамтеатр» алаңы, «ҚР Мемлекеттік музей алаңы», ҚБТУ (солтүстік жағы). 

Соңғы бес жылда Алматыда жаңа 13 субұрқақ салынып, 10-ы қайта жаңартудан өтті («Неделька», Абай атындағы опера және балет театры алаңында, «Төрт тостаған», PK Тұңғыш Президенті саябағындағы бас субұрқақ, Қастеев атындағы мемлекеттік музей алаңында, Республика сарайы алаңында (солтүстік жағы), Құрманғазы – Қармысов көшелері қиылысында, Республика сарайының қасбетінде, Лермонтов атындағы театр алаңы, Ұлттық кітапхана ғимараты алаңында)», - делінеді әкімдіктің жауабында. 

Сондай-ақ, қазіргі уақытта субұрқақтарға жоспарлы қысқа мерзімді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 

«Өткен ғасырдың 60-80 жылдары салынған субұрқақтардың көпшілігі қатты тозған. Дегенмен мамандар субұрқақтарды техникалық жарамды күйде ұстауда. Субұрқақтарда ағымдағы жөндеу жұмыстары, санитарлық тазалау мен жинау уақтылы жүргізіледі. Әрбір коммуналдық субұрқақта шомылуға тыйым салынған тақтайшалар бар, себебі, 2009-2019 жылдары күрделі жөндеу жүргізілген соң, субұрқақтардың жобалары өзгертілген. Яғни, электр жабдықтары, су астындағы жарықтандыру жабдықтары, суасты сорғылары және т. б. енгізілді.Алматы қаласының коммуналдық субұрқақтарын дезинфекциялау аясында су сыйымдылығы мен субұрқақ алаңына сәйкес, натрий гидрохлориді (суды зарарсыздандыру) және мыс сульфаты (суда бактерияларды, балдырларды болдырмау) қосылады», - деп жауап берді әкімдікте.