2 шақырым болатын ауызашар дастарханы жайылды

2 шақырым болатын ауызашар дастарханы жайылды
Сурет: видеодан алынды

Бельгияның Фламанд аймағындағы Боргерхаут қаласында жексенбі күні кешкісін ұзындығы кемінде 2 шақырым болатын ауызашар дастарханы жайылды.

Ауызашар шарасы Тюрнхаутсебаан көшесінде ұйымдастырылды. Оған 6 мыңға жуық адам жиналған, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.

«Биыл католиктік Пасха мейрамы мұсылмандардың қасиетті Рамазан айының ортасына келеді. Сондықтан біз ауызашар үшін бұдан да көп адам жинағымыз келді», - деді Бельгиядағы әртүрлі диаспораларды біріктіретін FMV ұйымының өкілі Латифа Эль Морабит.

Ауызашарға келгендер Палестинаның күріш тағамдарын, паста салаты немесе Марокко сорпасынан дәм татты.

Өткен жылы Боргерхаутта 1 шақырымдық дастархан басында ауызашар ұйымдастырылды. Аудан әкімшілігінің бастамасымен биыл тағы бір шақырым қосылды.

Бельгиялық БАҚ Катардың Al Jazeera телекомпаниясы Боргерхауттағы «рекордқа» жеке репортаж арнағанын қосты.