Өзбектер де «Спутник V» вакцинасын шығара бастады

Өзбектер  де «Спутник V» вакцинасын шығара бастады
Inform.kz

Ресейдің Н.Гамалей атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығы жасаған «Спутник V» вакцинасының Өзбекстандағы өндірісі іске қосылды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, «Jurabek Laboratories» ЖШС шығарылатын «Спутник V» вакцинасының 1 және 2 компоненттерінің алғашқы 260 500 дозасы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мен қоғамдық денсаулық сақтау қызметіне тапсырылды.

Бұл - Өзбекстанда өндірісі жолға қойылған екінші вакцина. Бұған дейін осы компания қытай-өзбек ғалымдары бірлесіп жасаған ZF-UZ-VAC2001 вакцинасының жалпы 7 миллион дозасын шығарды, оның 1 458 820 дозасы екпе науқанына жеткізілген.

Осылайша, Өзбекстанда екпе процесінде қолданылатын вакцина 28 473 528 дозаны құрауда.

Олардың ішінде 460 мың доза «Спутник V», 986 480 мың доза AstraZeneca, 13,5 миллион доза - ZF-UZ-VAC2001, 3 миллион 60 доза Moderna, 1,2 миллион доза Pfizer/BioNTech вакцинасы.