Өзбекстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші компоненті тапшы

Өзбекстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші компоненті тапшы
сурет: Rg.ru

Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, республика бүгінге дейін ресейлік препараттың 370 мың дозасын алған, соның ішінде бірінші компонент – 230 мың доза, екінші компонент – 140 мың доза болған.

Өзбекстан Республикасында «Спутник V» вакцинасы екінші компонентінің тапшылығы бар, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қазіргі кезде бірінші дозаны 212 818 адам алған, екінші компонент 128 442 адамға салынды. Қос компонент санын теңестіру үшін елге вакцинаның әлі 90 мың дозасы жеткізілуі тиіс. Алдағы күндері Өзбекстан «Спутник V» вакцинасы екінші компонентінің 90 мың дозасын күтіп отыр», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Министрлікте ресейлік препаратты қабылдау арасындағы уақыт жиілігін 21 күннен 90 күнге дейін ұзартуға болатынын қосып өтті.

Еске сала кетсек, шілде айының соңында Өзбекстандағы «Jurabek Laboratories» зауытында «Спутник V» вакцинасы бірінші компонентінің бірінші партиясы құйылған.

Бірінші кезеңде ресейлік шикізаттан жасалған препараттың 2 миллионға дейін дозасын өндіру жоспарланып отыр. Кейіннен аталған препарат өндірісінің толық циклы ретке келтіріледі.