Қазақстандық суретшінің картиналарына пандемия тақырыбы арқау болған

Қазақстандық суретшінің картиналарына пандемия тақырыбы арқау болған
Сурет: Strategy2050.kz

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Жеңіс Нұрлыбаев - пандемия тақырыбында салынған 300 картинаның авторы.

Елордада «Пандемия. Шектеу. Самғау...» тақырыбында қазақстандық танымал суретші Жеңіс Нұрлыбаевтың көрмесі өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz№

Өнерсүйер қауымның назарына оқшаулау кезінде салынған туындылары ұсынылды. Суретші адамның эмоционалды-психологиялық жағдайын тордан шығып, қанатын кеңінен жайып ұшып баратын құс ретінде көрсетті. Шебер соңғы жарты жылда 300-ге жуық картина салған, алайда көрмеде оның тек 60-ы ғана таныстырылды. Автор өз шығармаларын әртүрлі әдістермен салған. Оның ішінде акварель, акрил, шарлы қалам, компьютерлік графиканы пайдаланған.

Айта кетейік, Жеңіс Нұрлыбаев – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Президент сыйлығының лауреаты, сондай-ақ отандық және әлемдік суретшілер туралы «Ақ зер» кітабының авторы.

«Үйде қамалып отырған кезде мына тордың ішінде отырған бейнесі бар картина дүниеге келді. Шыға алмаймыз не кіре алмаймыз дегендей... Есік, терезе ашық болса да, шыға алмаймыз. Өнер иесін қанша жерден шектесе де, оның ішіндегі шығармашылық үрдістің тоқтамай жүріп жататындығын, ұшатындығын жеткізгім келді. Егер сұраныс болатын болса, басқа галереяларда да көрсету, шетелге шығару ойда бар», - дейді суретші Жеңіс Нұрлыбаев