Қазақстандық профессорлар Кембриджде дәріс оқыды

Қазақстандық профессорлар Кембриджде дәріс оқыды
Сурет: Interesnie-fakty.ru

Ежелгі сақтар дәуіріне қатысты тарихи деректер шетелдік университет қабырғасында қалың көпшілікке айтылды

 Археолог, профессорлар Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаевтің лекциясын тыңдауға осы оқу орнының оқытушылары, студенттері және басқа да британиялық озық оқу орындарынан келген ғалымдар жиналды. Профессорлар біздің дәуірімізге дейінгі I мыңжылдықта қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген ежелгі сақтардың тарихы мен мәдениеті және қорғандарынан табылған алтын артефактілері туралы баяндады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Олар біздің тарихымызды, жаңа жәдігерлерді білмейді. Тек Кеңес Одағы кезіндегі ескерткіштер, жәдігерлер, деректерден ғана хабардар. Ал біздің әкеліп көрсеткен дүниелеріміз, айтып жатқан ойларымыздың барлығы кейінгі 5-10 жылдың ішінде ашылып жатқан жаңалықтарға негізделген. Сондықтан олар үшін бұл өте қызық»,- дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Самашев.

«Жалпы, сақтардың тілі, олардың мәдениетінің сипаты жөніндегі әңгімелер болды. Біз осы бүгінге дейін сақтарды «индоиран», «индарий» деп келсек, бұлардың көне түркілер екендігін, прототүркілер екендігін дәлелдеп сөз қозғадық», - дейді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, археология кафедрасының профессоры Әбдеш Төлеубаев. 

«Гибридті» форматта, яғни офлайн әрі онлайн өткен дәріске Кембридж студенттерімен қатар әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ден астам адам қатысты. Археология саласы бойынша оқып әрі оқытып жүрген жас ғалымдар сұрақтар қойып, тың ақпараттармен сусындады.

«Мен UCL университеті жанындағы археологиялық материалдар институтының лекторымын. Лондоннан Кембриджге арнайы келіп, профессорлардың ғажап лекциясын тыңдадым. Сол кездегі бай-шонжарлар қайтыс болғанда, әйелдерімен бірге емес, аналарымен, жиендерімен бірге жерленгені туралы білдім. Ол дәуір туралы әлі де көп нәрседен бейхабар екендігіме көзім жетті», - деді UCL университетінің оқытушысы Милена Радивович.

Қазақстандық ғалымдар дәрістен бөлек Кембридж университетінің лабораторияларын да аралады. Әріптестерінің ғылыми талдау әдіс-тәсілдерін көріп, тәжірибе алмасуға шақырды. Сондай-ақ университеттің оқу жоспарымен танысып, студент және ұстаз алмасуға уағдаласты. Кембридж университетінің ғалымдарын Қазақстанға шақырып, ғылыми экспедицияға бірге қатысу жоспары жасалды.