Жылыту пештерін орнату және пайдалану кезінде тиянақтылық керек - ТЖД

Жылыту пештерін орнату және пайдалану кезінде тиянақтылық керек - ТЖД
сурет: Алматы облысы ТЖД

Төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырды.

Алматы облысының аумағында «Тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі сенбілігі» өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Тұрғын үйлердегі өрттердің алдын алу және болдырмау мақсатында Алматы облысы ТЖД қызметкерлері ағымдағы жылдың 15 тамызы мен 15 қазаны аралығында Алматы облысының аумағында жылыту маусымына дайындық бойынша «Өрт қауіпсіздігі айлығын» өткізеді.
Айлық аясында Алматы облысы ТЖД қызметкерлері полиция қызметкерлерін, газ қызметтерінің жұмысшыларын, еріктілерді және жергілікті атқарушы органдарды тарта отырып, Алматы облысы аумағында «Тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі сенбілігін» өткізді. Сенбілікті өткізу барысында 600-ден астам адам жұмылдырылған. Тұрғындарға 8000 данадан астам жадынамалар таратылып, халықпен нұсқаулықтар және әңгімелесулер жүргізілді.

«Естеріңізге сала кетейік, өткен 2020-2021 жылдардың жылыту кезеңінде Алматы облысының аумағында 445 тұрмыстық өрт орын алды, оның ішінде ең көп өрттер жылыту пештерін орнату және пайдалану кезінде, электр жабдықтарын монтаждау мен техникалық пайдалану кезінде және тұрмыстық электр құралдарын пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу себебінен болған. Сіздерден барлық өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды сұраймыз», - деп мәлімдеді Алматы облысы ТЖД.