Жыл басынан бері 110 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді

Жыл басынан бері 110 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді
ernur.kz

Қазақстанда жыл басынан 23 есірткі зертханасы анықталды

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz

Ведомство дерегінше, жыл басынан бері полиция қызметкерлері 23 есірткі зертханасын анықтаған. Жалпы, биыл заңсыз айналымнан 110 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сай, бұл былтырмен салыстырғанда екі есе көп.

Ш.Тұрлыбек есірткі зертханасын ұйымдастырып, кейін елден қашпақ болған күдікті туралы айтып берді.

«Маусым айының соңында полиция қызметкерлері Алматы облысының Азат ауылында есірткі зертханасын жойды. Күдікті синтетикалық есірткі жасау үшін үйді жалға алған. Ол құқыққорғау органдарынан сақтану үшін, ұялы телефон арқылы бақылау мүмкіндігі бар жасырын бейнекамералар орнатқан. Қылмыс болған жерге соңғы рет оралғанда, полициядан күдіктеніп, есірткі, химиялық заттар мен жабдықтарды тастап қашып кеткен. Барлығы 75 грамнан астам синтетикалық есірткі, сондай-ақ психобелсенді заттарды синтездеу үшін пайдаланылатын 4,5 келіден астам прекурсор тәркіленді. Жиналған дәлелдер, үй иесі мен көршілердің айғақтары күдіктінің жеке басын анықтауға мүмкіндік берді. Араласатын ортасы, оған қатысты басқа да мәліметтер тексеріліп, жиі болатын жерлері белгілі болды.

Күдікті тағы да бір есірткі өндірісін ұйымдастыруы мүмкін болғандықтан, полиция қызметкерлері оны біраз уақыт бақылауда ұстады. Оның елден қашу жоспары белгілі болған соң, тәртіп сақшылары күдіктіні Еңбекшіқазақ ауданының Аймен ауылында ұстады. Тінту барысында одан 10 грамм мефедрон алынды», - деді Шұғыла Тұрлыбек.