Жемқорлық жолы жабылады

Жемқорлық жолы жабылады
Суреттер Қ.Қонысбаев

Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қоғамдық кеңесінің сырттай отырысы өтті.

Ауқымды басқосуда қаланың сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасын жүзеге асыру, бизнесті қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы жаңалықтар туралы мәселелер талқыланды. Оған ANTICOR агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңестің басшысы, мүшелері,  Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшелері, белсенділер, кәсіпкерлер құқығын қорғаушылар, мемлекеттік қызметшілер, тілшілер қатысты.

Жиында әр саланың мамандары жемқорлық фактілерінің алдын алу, болдырмау, түбегейлі жою шараларын қарастырды. Отырыста жариялылық туралы көп әңгіме айтылды. Әр салада жобаның сметалық құжаттары бекітілмей тұрып, құқықтық-нормативтік жағын ескеру қажеттігі баяндалды.

Марат БАШИМОВ,

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы:

 Халықаралық тәжірибені қолданайық

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықты жоюға байланысты бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Осы бағыттағы жұмысымыз айқын. Жүгенсіз кеткен жемқорлық тәуекелдерін ауыздықтауға бағытталған іс-шаралар басталып кетті.  

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанындағы Қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұған Алматы қаласындағы әріптестеріміз қолдау білдірді. Мегаполистің республикалық маңызы жоғары. Мұндағы қордаланған мәселелердің шешімін бірлесіп табуды көздейміз.

Мемлекеттік құрылымның әр саласында жемқорлықты тежеу қарастырылуда. Тіпті, түп-тамырымен алып тастау қажет. Әрбір істе талдау-сараптамалық жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта көптеген күрмеулі сұрақтарға тап болудамыз. Ең негізгісі, кәсіпкерлікке қыспақ жасауды болдыртпау. Мұндай  жүгенсіздік белең ала берсе, оның салдарымен күрес қиындайды. Сондықтан парақорлыққа тыйым салудың барлық формаларын нақты іспен жүзеге асыратын күн туды. Жемқорлықты жою үшін қолдан келер іс-қимылдың бәрін жасау керек. Бұл дертті ауыздықтамасақ, әр салаға зиянын тигізіп бітетін түрі бар. Қоғам да, мемлекет те парақорлықтың жойылуына мүдделі. Бұл бағыттағы стратегия қолға алған істерді жандандырады. Ашық бюджет, кеткен олқылық, қай жерде өзекті мәселе туындады, міне, соны қадағалау керек. Өңірлердің жағдайы алаңдатады. Аймақтардағы мемлекеттік құрылымның таза әрі сапалы жұмыс істеуінде кездесетін бірқатар түйткілдерді шешу жолдарын сараптайық. Мұнда қарапайым азаматтардың үні ескерілсе дейміз. Бұл өте маңызды іс. Сарапшы, белсенді және т.б. мамандардың пікірі ауадай қажет.

Қазір бізге «велосипед» ойлап табудың қажеті шамалы. Халықаралық конвенцияға сүйенсек жеткілікті. Еуропалық тәжірибе бар. Бір нәрсеге үміттенеміз. Дәлірек, азаматтық жауапкершілік пен қылмыстық жауапкершілікті саралай қарастырып, аражігін нақтылайық. Жаңадан сайланатын Парламент осы айтылғандарға назар аударса екен. Қажетті заңды бекітіп, ел игілігіне жаратайық.  

Саян АХМЕТЖАНОВ,

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция қызметінің басшысы:

 Жемқорлықпен күрес күшейеді

 Бизнес жемқорлыққа көп ұшырайды. Бұл жағы белгілі. Өкілетті органдардың қыспаққа алмау жағын қарастырып жатырмыз. «Бизнеске жол» деген бағдарлама басталды. Осының аясында келіп түскен арыз-шағым қарастырылады. Біз көптеген ыңғайсыз жағдайдан хабардармыз. Бюрократияға жол бермеуіміз керек. Тіпті, онлайн қарай бастаймыз. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп іс-қимыл жасаймыз.

Алдағы уақытта атқаратын іс көп. Жүйелі жұмыстар бар. Жергілікті атқарушы органдардың да көмегі зор болайын деп тұр. Әрбір келіп түскен хат, өтініш, арыз нақты қаралатын болады. Барлығына талдау жүргізіледі. Заң шеңберінде тиісті шаралар жасалады.

Жемқорлықпен күресте бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор. Қазіргі уақыт талабын ескереміз. Жаңа технологияны қолданып, онлайн форматта да іс атқара береміз.