Жас көшбасшылар Алматыда форумда бас қосты

Жас көшбасшылар Алматыда форумда бас қосты
Cурет: 24.kz

Түркістан облысынан келген 200-ге жуық жас көшбасшы Алматыда бас қосты.

Олар бір жыл бойы Jas Leader Akademiiasy пилоттық жобасы бойынша өз мектептерінде білім алып, көшбасшылықтың қыр сырын меңгерген болатын.

Үздік шыққандар 5 күн бойы форумда шеберліктерін шыңдайды.  Пилоттық жобаға Түркістан облысының таңдап алынуы бекер емес. Аймақ республикадағы мектеп оқушыларының саны бойынша алдыңғы қатарда. Онда жарты миллионнан астам бала тұрады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Жоба аясында 5-11 сынып аралығындағы 12 000 мектеп оқушысы бір жыл бойы қатынас дағдылары, көпшілік алдында сөйлеу, уақытты басқару, топпен жұмыс жасау, жанжалдарды шешу бойынша факультативтік дайындықтан өтті. 

«Біз тренер болып оқушыларды көшбасшылыққа дайындадық, бұл өте бізді шабыттандырды. Көп жұмыс жасадық, бірлесе жұмыс жасадық. Оқушыларымыздың бәрі қуанышты бұл жобаға қатысқанына. Міне, нәтижесін көрсету үшін Алматы қаласына оқушыларды ғылыми жобалармен үздік көшбасшыларымызды қоса алып келіп отырмыз», - деді Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназияның ұстазы (Түркістан қаласы)  Рано Супабекова.

Алматыдағы форумға тренинг қорытындысы бойынша іріктеліп алынған үздік мектеп оқушылары мен ұстаздар келген. Олар түрлі шеберлік сабақтарына қатысып, даму сатыларын еңсереді. Сондай-ақ әртүрлі саланың көшбасшылары балалармен кездесіп, «жетістік құпияларымен» бөліседі. 

«Біз форумда баланың білімін, кейбір дағдыларын кеңейтетін тренингтер өткіземіз. Топтық қарым-қатынас өнері, сондай-ақ медиа сауаттылық, қаржылық сауаттылық, таныстыру өнері сияқты көптеген сабақтар бар», - деді Jas leader akademiiasy жобалық тобының жетекшісі Наталья Бахмутова.

Биыл күзде Jas Leader Akademiiasy жобасы Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы 50 мектепте басталады. Алдағы үш жылда Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Жетісу және Алматы облыстарындағы мектептерді қамту жоспарлануда.