Жарайсыңдар, қазақ қыздары!

Жарайсыңдар, қазақ қыздары!

Эстонияның астанасы Таллин қаласында өткен халықаралық турнирде алматылықтар күміс жүлдегер атанды

Алматы эстетикалық гимнастика мектебінің «Sunrise» командасы Эстонияның астанасы Таллин қаласында өткен халықаралық турнирде күміс жүлдегер атанды. Жасөспірімдер (14–16 жас) санатында сынға түскен қыздарымыз 10 команда арасында намысты қолдан бермей, ел мерейін үстем етті. Олар Финляндиядан келген әлем чемпиондарынан кейін екінші орынға жайғасты. Осыған орай біз гимнастика мектебінің директоры әрі «Sunrise» командасының жаттықтырушысы Жаннет Жабоевамен әңгімелескен едік.

– Таллинде өткен жарыста ел намысын қорғаған қыздар туралы айтып берсеңіз.

– Біздің гимнаст қыздардың барлығы Алматыдан. Олар: Әмина Бейғанова (команда капитаны), Томирис Болат, Алтынай Нұркенқызы, Әнел Нұрсұлтан, Айлин Мақсұтова, Амиля Құнанбаева және Әделия Тұрсынқожа. Барлық қатысушылар – біздің эстетикалық гимнастика мектебінің оқушылары. Өнер ордамызда барлығы 200-ге жуық қыз бар. Олармен 10 жаттықтырушы жұмыс істейді. Аталмыш жарысқа команданы Мадина Муталиева екеуміз дайындадық.

– Эстетикалық гимнастика – Қазақстанда енді дамып келе жатқан жаңа спорт түрі. Осы сала туралы пікіріңізбен бөліссеңіз.

– Бұл спорт түрінде көркем гимнастика элементтері бар. Тек эстетикалық гимнастика – ұжымдық спорт. Мысалға, синхронды жүзумен салыстыра аламыз. Барлық гимнастикалық қозғалыстар динамикалық тұрғыдан, жылдамдық жағынан бірдей өзгеріп, біркелкі орындалуы керек. Композицияда толқын және тербелу қозғалыстары, гимнастикалық секірулер, спиральды бұрылыстар және көркем би сияқты жан-жақты дене қозғалыстары болуы керек.

Спортшылар қозғалыс шеберлігімен бірге сымбаттылық пен үйлесімділікті қатар көрсетеді. Тек бір кемшілігі – біздің спорт Олимпиада бағдарламасына енбеген. Сол себепті, эстетикалық гимнастика мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Әзірше, спортшыларымыз барлық жарыстарға өз қаражатына баруда.

Сұхбаттасқан Досбол АТАЖАН.