Жан азабы

Жан азабы
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

  Қазақстан Жазушылар кітапханасында жазушы-публицист, «Mecenat.kz» әдеби сыйлығының тұңғыш лауреаты Шархан Қазығұлдың «Күлпет» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Аталмыш кітап «ARNA-B» баспасының қолдауымен жарық көрген.

Іс-шарада жазушы-журналист, ҚР Президенті сыйлығының және Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты Қали Сәрсенбай, «Alatay Aqparat» медиахолдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Дәулетбек Байтұрсынұлы роман жайлы өз пікірлерімен бөлісіп, кітаптың тұсаукесер рәсімін жасады.

 «Күлпет» романы Қазақстанның социализм дәуіріндегі кезеңінен бастап қазіргі күнге дейінгі тарихын басты кейіпкер Әбужан Райысовтың өмірі мен тағдыры арқылы суреттейді. Роман туған жерге деген махаббат пен шынайы патриотизм, қазақ әйелінің адалдығы, ұлттық дәстүрді сақтау сияқты құндылықтар арқылы бүкіләлемдік сұрақтарға жауап іздейді.

«Романда жаңаша стильге, қазіргі заманғы тақырыпты меңгеруге, тіл революциясы мен эволюциясына ерекше мән бердім. Өзім соншалықты бір пассеист болмасам да қазақтың көнеріп бара жатқан сөз тіркестерін кеңінен пайдалануға көп көңіл бөлдім. Бірақ бұл жағынан да өте сақ болғанымды жасырмаймын.

Романды жазып жатқанда оның атауын табуға асыға қоймадым, жұмыстың орта тұсында  5 томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігін бір томын ашып қарасам, «Күлпет» деген сөз бар екен. Бұл – архаизм. Жан азабы деген мағынаны білдіреді. Менің шығармама таптырмайтын атау екенін ұқтым»,– деді жазушы Шархан Қазығұл.

Шығармашылық кездесуде «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртістері халық әндерін шырқады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ колледжі, Д.А.Қонаев атындағы заң колледжінің cтуденттері, оқырмандар мен кітапхана қызметкерлері ойталқыға қатысты.

«Шарханның «ОҢАШАДАҒЫ «ОНЛАЙН» ОЙЛАР» шығармасы «Алматы ақшамы» газетінде жарияланып отырды. Сонда оқырмандарымыз түрлі ой пікірлерін айтып қызғушылық танытқан еді.

Романда салт-дәстүр тартымды баяндалады. Меценаттар жариялаған романдар бәйгесінде қара үзіп шыққан туынды. Топтан суырылып озды да, әрі қарай құлагердей дара шапты. Шархан «Күлпет» романында «жан мәңгілігіне» иландыра алған. Көркем шығарманың негізгі мақсаты да осындай тәрбие болса, автор діттегеніне жеткен. Қазақ әдебиетіне қосылған сүбелі үлес. Өзіндік стильмен, жаңаша жазылған дүние», – деді Қали Сәрсенбай.

Роман ішінде бүгінгі жаһандану дәуірінде қазақ ұлтының идентификациясын, әлемде өзінің лайықты орнын сақтап қалуды мақсат еткен. Сондай-ақ,  ақылды, білімді азаматтардың туған жерден жыраққа кетпей, еңбек етуіне жағдай жасау, жастардың патриоттық сезімін ояту туралы ойлары айтылған. Аталмыш роман көп адамның қолқа салуымен дүниеге келген.