Үйлері өртеніп кеткен қостанайлықтардың банктегі несиелері жабылады

Үйлері өртеніп кеткен қостанайлықтардың банктегі несиелері жабылады
Сурет: Egemen.kz

Қостанай облысындағы өрттен үйлері жанып кеткен отбасыларға «Halyk Bank» 1 млн теңгеден береді және несиелерін жабады. Бұл туралы аталған банктің ресми Тelegram арнасында мәлім болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап. 

«Halyk Bank» Қостанай облысында үйлері өртеніп кеткен әр отбасына 1 млн теңге көлемінде қаржылай көмек жібереді. Үйінен айрылған адамдар күш жинап, алған қаражатын ең қажеттісіне – тұрғын үйді жалдауға, киім-кешек, тамақ және қажетті тауарлар сатып алуға жұмсайды.

Сонымен қатар, банк басшылығы жанып кеткен үйлердің барлық иелеріне «Halyk Bank»-тегі қолданыстағы кредиттерін жабу туралы шешім қабылдады.

Банк басшылығы мен ұжымы Озерное, Лесное, Аманқарағай ауылдарының барлық өрт салдарынан зардап шеккен тұрғындарына шынайы жанашырлық танытып, олардың өмірлері жақын арада үйреншікті арнаға оралады деген үмітте», - деп жазылған банктің Telegram арнасындағы хабарламада.

Қоса кетсек, «AMANAT» партиясының барлық өңірлік филиалдарында Қостанай облысындағы табиғи апаттан зардап шеккендер үшін гуманитарлық көмек жинау пуктілері жұмысқа кірісті. Онда бірінші кезекте қажетті тауарлар, азық-түлік (сақтау мерзімі ұзақ), жылы киім, тазалық құралдары қабылданады.

Сондай-ақ, бүгін өрттің салдарын жою мәселелері бойынша жедел кеңес өткізген Премьер-Министр Әлихан Смайылов баспанасыз қалғандарға жаңа үйлер салынып берілетінін мәлімдеді.