Ұлттық ұланның басшылық құрамы дайындықтан өтті

Ұлттық ұланның басшылық құрамы дайындықтан өтті
Суреттер: Polisia.kz

Алматы облысында Ұлттық ұлан басшылық құрамының жедел дайындығы өтті.

Алматы облысы Жетіген кентіндегі Ұлттық ұланның жауынгерлік және әдістемелік даярлық орталығында өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшыларымен, құрамалар мен әскери бөлімдердің командирлерімен, олардың тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарларымен оқу-әдістемелік жиын өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Үш күн бойы командирлік буын офицерлерінің кәсіби даярлығы тексерілді. Жиын барысында басшылық құрамның атыс, дене шынықтыру, әдістемелік және мемлекеттік-құқықтық даярлық бойынша практикалық дағдыларды, басшылық құжаттарды білуі пысықталды. Сондай-ақ әскерлерді басқаруды жетілдіру бойынша практикалық дағдыларды қоса алғанда, кәсіби-лауазымдық даярлықтың негізгі пәндері бойынша сынақтар қабылданды. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Бауыржан Әбжанов жиынға жетекшілік етіп, жедел дайындық барысында офицерлермен практикалық сабақтар өткізуге баса назар аударылғанын атап өтті.



Командирлер мен олардың орынбасарлары әртүрлі қарулардан: тапаншалардан, автоматтардан, тегіс ұңғылы мылтықтардан, гранатометтерден және пулеметтерден күндіз-түні қозғалмайтын, оқыс пайда болатын және қозғалатын нысандардан ату дағдыларын көрсетті. Сондай-ақ, офицерлер су кедергілерін еңсере отырып, қиын жағдайларда жауынгерлік машиналарды жүргізу курсынан өтті.

Жиын барысында офицерлермен құқықтық тәртіп әскерлерінің жауынгерлік қызметін қамтамасыз етудің негізгі түрлері: жауынгерлік даярлық, әскерлер қызметі және әскери қызметтің қауіпсіздігі, моральдық-психологиялық қамтамасыз ету, қарамағынағылармен жеке тәрбие жұмысын жүргізу, әскери ұжымда тәртіпті бұзудың алдын алуға бағытталған іс-шараларды жоспарлау бойынша дәрістер, оқу-әдістемелік, нұсқаулық және көрсету сабақтары өткізілді. Төтенше жағдай енгізілген кезде Ұлттық ұланның әскери жасақтары мен бөлімшелерінің қолданылуы көрсетілді.



Жауынгерлік даярлық бас басқармасының бастығы Нұрлан Мұхамедов атап өткендей, бұл жиын офицерлердің күнделікті қызметті ұйымдастыру, жеке құрамды басқару, техника мен қару-жарақты пайдалану мәселелеріндегі білімі мен дағдыларын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, жедел дайындық шеңберінде әскери бөлімдердің командирлерімен алғаш рет елді мекендегі жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесу және жою, батальондық тактикалық топтың заңсыз қарулы құрамаларының қызметін іздеу және жолын кесу бойынша арнайы операция жүргізудегі жұмысы бойынша штабтық жаттығу өткізілді. Оқу-әдістемелік жиындардың соңғы күні ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақановтың төрағалық етуімен Ұлттық ұлан әскери кеңесінің көшпелі отырысы өткізілді, онда 2022 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әскерлердің қызметтік-жауынгерлік қызметінің қорытындылары шығарылып, Қазақстан Республикасы Президентінің талаптарына сәйкес әскерлерді одан әрі жетілдіру және дамыту мәселелері қаралды.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы ІІМ алқасының кадрлық жұмысты жетілдіру, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасау және құқықтық тәртіп заңдылығын нығайту мәселелері бойынша шешімдері жеткізілді.