Үкіметтің қолы қордаланған проблемалардан босамай жатыр

Үкіметтің қолы қордаланған проблемалардан босамай жатыр
Сурет: ашық дереккөз

 Орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген 80 қалада жүйенің тозу көрсеткіші 92%-ға дейін жеткен. Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай дерек келтірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Инфрақұрылымды, бірінші кезекте коммуналдық инфрақұрылымды, одан әрі дамыту жөніндегі жұмысты түбегейлі қайта құру қажет. Осы қыста жылумен қамтамасыз ету саласының сәтсіз жұмысы азаматтардың наразылығын тудырды. Жылу-электр орталықтарының жартысынан көбі қауіпті деңгейде, кейбір қалаларда тозу деңгейі 80%-дан асты», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жылу желілерінің орташа тозу көрсеткіші 54%-дың төңірегіне жеткенін де атап өтті.

«Ал орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген 80 қалада бұл көрсеткіш – 75-тен 92%-ға дейін. Коммуналдық саланы жаңғырту мақсатында мен «Инвестиция орнына тариф» саясатына көшуді қамтамасыз етуді тапсырдым. Қазіргі жағдайда Үкімет жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешуге мәжбүр болады. Бірақ басқа жол жоқ», – деді Президент.