ЕАЭК отырысы: Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте қандай өзекті мәселелерді көтерді

ЕАЭК отырысы: Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте қандай өзекті мәселелерді көтерді
Сурет: inform.kz

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға жұмыс сапарымен барды. Ол Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысып, ЕАЭО-ға мүше елдердің экономикалық байланысы, мемлекеттер арасындағы жүк тасымалы, одақты дамыту стратегиясының жүзеге асу барысы, еңбек миграциясы, сонымен бірге цифрландыру мәселесін сөз етті. Оның айтуынша, пандемия салдарынан зардап шеккен экономика саласын соңғы уақыттағы геосаяси жағдай тіптен ушықтырып жіберген. Сол себепті Қасым-Жомарт Тоқаев отырыс кезінде бірқатар проблеманы көтеріп, оны шешу жолдарын ұсынды. Осыған орай, отырыс кезінде көтерілген өзекті мәселелерге шолу жасауды жөн көрдік. Толығырақ  сарапшысы материалын Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап ұсынып отыр.

Экономикалық ынтымақтастықты дамыту шаралары

Бішкекте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ға мүше елдердің президенттері желтоқсан айындағы кездесулерде дәстүрлі түрде бірлескен жұмысты қорытындылап, алдағы кезеңде атқаратын міндеттерді айқындайтынын жеткізді. Ол өз сөзінде биыл әлемдік экономика үшін өте ауыр жыл болғанына тоқталып өтті. Мемлекет басшысының мәліметінше, Қазақстанның ЕАЭО-ға мүше елдермен тауар айналымы қаңтар-қазан айларында 7%-ға артып, 23 миллиард долларға жеткен. Оның айтуынша, қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында ЕАЭО-ға мүше елдердің экономикалық байланыстарды сақтауы және нығайтуы, ортақ қағидаттар мен мақсаттар аясында сауда-экономикалық қатынастарды дамыту үшін күш біріктіруі аса маңызды. Осыған орай Мемлекет басшысы бірқатар басым мәселені атап өтті.

«Биыл әлемдік экономика үшін өте ауыр жыл болды. Халықаралық қоғамдастық пандемия зардабынан айығып үлгермей жатып, жаңа геосаяси және экономикалық сын-қатерлермен бетпе-бет келді. Біз бүгінде әлемдегі сауда-саттықты айтарлықтай шектейтін түрлі тыйымдар, квоталар мен баж салықтары енгізіліп жатқанын көріп отырмыз. ЕАЭО аясындағы ынтымақтастығымыз жаһандық үрдістерден ерекшеленетіні келешекке сенім ұялатады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қоса Мемлекет басшысы қазіргі таңда Одақ аясында жүзеге асып жатқан бірлескен жобаларға тоқталды. Президенттің айтуынша, қазіргі халықаралық ұйымдардың болжамдары көңіл көншітпейді. Халықаралық валюта қоры 2023 жылы әлемдік экономиканың өсіміне қатысты болжамды 2,7%-ға, Дүниежүзілік сауда ұйымы 1%-ға дейін төмендеткен. Оның сөзінше, қазан айында Одақтағы инфляция деңгейі 11,5 %-ды құраған.

«ЕАЭО-ға мүше елдердегі тұтыну бағасы өсіп келеді. Мұның бәрі азаматтарымыздың сатып алу қабілеті мен әлеуметтік әл-ауқатына айтарлықтай әсер етеді. Белгілі санкциялық шектеулер ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттің экономикасына қысым жасайтынын мойындау қажет. Сондықтан елдеріміздің комиссиялары мен үкіметтері бұл мәселеге ерекше назар аударып, санкциялық шектеулердің әсерін жеңілдету жолдарын ұсынуы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы халықаралық экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселесін екінші басымдық ретінде атап өтті. Ол енді преференциялық келісімдер жасалған серіктестермен өзара іс-әрекеттің сапасын арттыруға назар аудару маңызды екенін жеткізді.

«Одақтың сыртқы сауда саласындағы мүддесі жылдан жылға кеңейіп келеді. Енді преференциялық келісімдер жасалған серіктестермен өзара іс-әрекеттің сапасын арттыруға назар аудару маңызды. Бұл жерде Вьетнам, Сербия және Иран туралы сөз болып отыр. Сондай-ақ Үндістан, Мысыр, Индонезия және Израильмен еркін сауда аймағы туралы келісімдерге қатысты жұмысты жеделдеткен жөн. Бұл жөнінде бірнеше рет айттым. Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерімен еркін сауда аймағы туралы келісім бойынша келіссөз басталғанын қолдайды. Бұл бастаманың келешегі зор әрі бүкіл «еуразиялық бестіктің» мүддесіне сай келеді деп санаймын. Енді осы процесті созбалаңға салмау маңызды», - деді ол.