US Open: қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды

US Open: қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды
Cурет: Olympic.kz

US Open турнирінде қазақстандық теннисшілердің қарсыластары белгілі болды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz.

Жекелей сында әйелдер арасындағы жарысқа Қазақстаннан төрт теннисші қатысады. Еліміздің бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 99-орында тұрған Беларусь өкілі, тәжірибелі спортшы Александра Сасновичпен кездеседі. Әлемнің 33-ракеткасы Юлия Путинцева рейтингте 70-орындағы тағы бір тісқаққан ойыншы, 36 жастағы эстониялық Кайя Канепимен күш сынасады. Рейтингте 110-орында тұрған Зарина Диясқа әлемнің 73-ракеткасы, жуырда 20 жасқа толатын америкалық Аманда Анисимова қарсылас атанды. Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны, рейтингте 449-сатыдағы тәжірибелі Ярослава Шведова әлемнің 98-ракеткасы, италиялық Ясмин Паолинимен кортқа шығады.

Ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 37-ракеткасы Александр Бублик алғашқы айналымда рейтингте 134-сатыдағы германиялық Янник Ханфманның шамасын байқап көреді. Егер М.Кукушкин іріктеу сайыстарының финалында қарсыласын ұтса, негізгі додада да бағын сынайды.