Уақытпен үндескен «Он екі мұқам»

Уақытпен үндескен «Он екі мұқам»
Cуреттер: Almaty-akshamy.kz

Алматы қаласындағы Құдыс Қожамияров атындағы Республикалық академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры өз тарихында ұйғырдың классикалық тарихи драмаларын қоюдан бөлек, әлемдік озық шығармалардан да қол үзген емес. Сондай-ақ, қазақ қаламгерлерінің де көптеген шығармалары театр сахнасынан көрерменге жол тартты. Театрдың соңғы кездегі бір жаңалығы - тарихы ұзақ, түркі халықтарының ортақ жауһары атанған «Он екі мұқамды» сахналағаны. «Он екі мұқам» бұрын да сахнадан түскен емес, бірақ бұл жолғысы «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, жаңаша сипатпен түрленіп, түлеп құлпыра түскендей.

«Қойылым осы кезге дейін музыкалық жанр, ән әуені ретінде музыканттар мен әншілер тобының бірлігінде орындалып келіп еді. 2022 жылдың өзгешелігі сол, мұқамға жазушы, драматург Ахметжан Ашири арнаулы драмалық пьеса жазыпты. Оны Қазақстанның халық әртісі, әнші, қоғам қайраткері, теардың көркемдік жетекшісі Мұрат Ахмадиев сахналап, спектакль етіп қойып шығыпты. Осы кезге дейін бір реткі қойылыммен тәмамдалып келе жатқан өнер туындысы, бұл жолы бес спектакль, бес күн бойы қатарынан жүретін тек мұқамның желісімен жүйелі жүретін толыққанды «роман спектакль» болыпты. Осы бес қойылымды толық көрген адам мұқам деген не, ол қандай жанр екеніне көз жеткізеді. Тіпті тереңдей түсіп, ұйғыр халқының ән-әуенін, әншілік мектебін, музыка аспаптарын, орындаушыларды, би мәдениетін түсінеді», – дейді ақын, аудармашы, ҚЖО-ның мүшесі Дәулетбек Байтұрсынұлы.

     Қарап отырсақ, қойылымда мың құбылған музыкалық иірімдермен қатар тотықұстай түрленген киім мәнерін көріп, көзайым боласыз. Әр спектакльдің бояуы да бес түрлі. Осыдан алпыс жыл бұрынғы спектакль «Мұқамшы» мен бүгінгі «Мұқамның» арасында жер мен көктей айырмашылық бар екендігін байқауға болады. Өйткені, ұрпақ ауысты, дәуір басқаша сипат алуда.

«Байқасақ, бүгінгі ХХІ ғасырдың көрерменіне жететіндей әдісті театр ұжымы сәтті тапқан екен. Ол мұқамдарды тікелей орындап, концерт беруден гөрі, мұқамға аңыздар мен ақиқаттағы оқиғаны қосып, шендестіріпті. Көрермен әрі ұлттық дәстүрлі ән тыңдайды әрі сюжетті оқиғаны көре отырып, есіне сақтап, жадына орнықтырады. Осылайша мұқамды әр жүрекке құяды. Бұл «роман-спектакльден» дәуірдің дүрсілі, заманның үні, уақыттың қолтаңбасы көрінеді. Әсіресе, бүгінгі өсіп келе жатқан жаңа буынға тәрбие берудің көрнекті үлгісін жасапты. Бұл тұрғысында көрнекті драматург, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, Қазақстанның құрметті жазушысы Ахметжан Аширидің еңбегі зор. Ал қаламгермен тіл табыса отырып, алып шыққан театрдың көркемдік жетекшісі, «Мұқамның» қоюшы режиссеры Мұрат Ахмадиев екенін айтуымыз керек», – дейді ақын, аудармашы, ҚЖО-ның мүшесі Дәулетбек Байтұрсынұлы.

Ұйғыр халқының он екі мұқамы - халық поэзиясы мен музыка өнерінің тоғысқан тұсы. Дәстүрлі ән орындаудың биік дәрежесі. Ол V ғасырда пайда болып, ХVІ ғасырларда буыны беки түсіп жүйеленген. Онда ұлттың эстетикалық және философиялық дүниетанымы жинақталған. Әр спектакль нақтылы оқиғалар және тарихи көріністермен көмкеріліпті. Бір қойылымнан кейін бір қойылым оқиғаны дамытып, ширықтырып, көрерменін ілестіріп отырады. Оқиғаның тізбегінен уақыттың өтіп жатқанын, дәуірдің жылжығанын кейіпкерлердің киім үлгісі, бет пішіні, жүріс-тұрыс қозғалысы арқылы да сендіре біледі.