Туризм  – табыс көзі

Туризм  – табыс көзі
Сурет: Іnbusiness.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Шетелдік туристер саны 9 млн.-ға дейін өсуі тиіс» деген болатын. Қазақстанның бұл бағытта мүмкіндігі зор екені анық.

Табиғатымыз туризмді дамытуға өте қолайлы мекен. Еліміз қоңыржай континентті белдеуде орналасқан. Солтүстікте қыс ұзақтау. Ал оңтүстікте жаз мезгілі созылыңқы келеді. Жер бедерінде де айырмашылықтар байқалады. Батыс, солтүстік жазық дала, ұсақ шоқылы болса, оңтүстік және шығыс өңір таулы қыратты. Әсіресе, Алматының орналасқан жері жасыл-желекті, Алатаудың бөктері табиғат берген сұлулыққа толы.

Табыс кілті

Әлемде туризм саласын табыс кілтіне айналдырғандар жетеді. Сол арқылы өздерінің табысын арттырып, мемлекеттік бюджетке қомақты қаражатпен үлес қосуда. Солардың бірегейлері – Түркия, Араб Әмірліктері, Канада, Швецария, Малайзия, т.б. Аталған елдерге саяхттаушылар, қажылық жасаушылар, зиярат етушілер, тағы да басқалай мақсатпен баратындар көп. Әр келген кісіден қыруар қаржы тауып отыр. Сонымен бірге сервисті жолға қойған. Сапалы түрде қызмет көрсетеді, қонақ үй, апталық бағдарламалар, түрлі көңіл көтеру шараларын ұйымдастырады. Осылайша қаражаттың қай бағыттан құйылатынын әбден меңгерген.

Саяхаттауға қолайлы мекен

Қазақ жерінің асты мен үсті өте бай. Мың да бір шүкір. Соның ішінде, әлгінде жоғарыда келтіргендей, табиғатымыз аса көрікті саналады. Көз тартар ғажайып өлкелер баршылық. Қызғалдақ пен апорт алмасының отанымыз. Ұлттық құндылықтар мен жәдігерлерге баймыз. Соның ішінде Ұлытау, Сарайшық, Сауран, Отырар сынды қалалардың орны күні бүгінге дейін саяхаттаушылар назарынан тыс қалған емес. Ал қасиетті Түркістанның жөні бір бөлек. Нағыз тарихи өлке. Әзірет Сұлтан, Рабиға Сұлтанбегім кесенелері, қылует, ортағасырлық монша - бәрі-бәрі көне шежіреден сыр шертеді. Шығыс Қазақстандағы Қатонқарағай алқабы, Қайыңды, Көлсай мен батыстағы Бекет ата мешітінің орны бір бөлек. Ең бастысы, аталған аймақтарда инфроқұрылымды реттеп, қонақ үйлерді көптеп салып, жарнамасын әлеуметтік желілер арқылы жасасақ, нұр үстіне нұр болмақ.

P.S. Елімізде туризмді дамытуға қатысты қолға алынып жатқан игі істер баршылық. Соның бірі - киелі Түркістан жанданып, жаңарып келеді. Көкшенің сұлулығына не жетсін?! Шіркін, ғажап қой! Ең негізгі айтарымыз, Қазақстан дамыған, әлеуетті елдер санатына қосыла берсін! Экономикамыз қарыштап дами берсін!