ТМД елдері Қарулы Күштерінің бірлескен инженерлік бөлімшесі құрылады

ТМД елдері Қарулы Күштерінің бірлескен инженерлік бөлімшесі құрылады
Сурет: Egemen.kz

Парламент Сенатында тиісті келісім қабылданды

ТМД елдері Қарулы Күштерінің гуманитарлық минасыздандыру міндетін орындау үшін бірлескен бөлімше құрылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Qazaqtv.com сайтының хабарлауынша, Парламент Сенатының жалпы отырысында тиісті келісім мақұлданды. Құжат ортақ инженерлік құрылымның мәртебесі мен ережелерін және оның алдағы жұмыс бағытын айқындауға мүмкіндік береді. Қазақстанның қорғаныс министрі орынбасарының айтуынша, әскерилер бірлесіп мина алаңдарын, нысандарды, жарылу қаупі бар заттардың болуына техникалық барлау жасау, жауынгерлік іс-қимыл болған аудандарды қауіптен арылтып, тазартумен айналысатын болады.

«Гуманитарлық минасыздандыру операцияларына қатысу үшін ұлттық инженерлік бөлімшені жіберу туралы шешімді жіберуші тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қабылдайды. Келісімде бірлескен бөлімшені ТМД-ға қатысушы мемлекет болып табылмайтын мемлекет аумағында гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындауға тарту мүмкіндігі көзделген. Қазақстан Республикасы бұл іс-шара тек БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандатына сәйкес мүмкін деп санайды», - дейді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқов.