«Теңгеге 30 жыл» мерекелік медалі тағайындалады

«Теңгеге 30 жыл» мерекелік медалі тағайындалады
сурет:strategy2050.kz

Президент Жарлығы шықты.

Ұлттық валюта – теңгенің айналысқа енгізілгеніне 30 жыл толуына арналған мерекелік медальді бекіту туралы Президент Жарлығының жобасы жарияланды, деп хабарайды Аlmaty-akshamy.kz.

«Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – Қазақстан теңгесінің айналысқа енгізілгеніне 30 жыл толу құрметіне қаулы етемін:

  1. «Теңгеге 30 жыл» мерекелік медалі тағайындалсын.
  2. Қоса беріліп отырған:

1) «Теңгеге 30 жыл» мерекелік медалімен наградтау қағидалары;

2) «Теңгеге 30 жыл» мерекелік медалінің сипаттамасы бекітілсін», - делінген Прзидент Жарлығының жобасында.

Құжатта көрсетілгендей, мерекелік медальді мына лауазымдағы тұлғалар Мемлекет басшысының атынан табыстауға құқылы:

- Ұлттық банк төрағасы;

- Ұлттық банк төрағасының орынбасарлары;

- Ұлттық банк филиалдарының, Ұлттық банктің Алматы қаласындағы тұрақты өкілдігінің және Ұлттық банк ұйымдарының бірінші басшылары;

- Ұлттық банктің төрағасы айқындайтын уәкілетті тұлғалар.

«Мерекелік медальмен ҚР ұлттық валютасы – Қазақстан теңгесінің және ҚР қаржы жүйесінің дамуына және нығаюына, ҚР мемлекеттілігінің қалыптасуына және әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан ҚР азаматтары және шетел азаматтары наградталады», - делінген «Ашық» НҚА порталында жарияланған құжатта.

Президент Жарлығының жобасы 21 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады. Кейін қол қою үшін Мемлекет басшысына жолданады.