«Таза болса табиғат, аман болар адамзат» атты тазалық іс-шарасы өтті

«Таза болса табиғат, аман болар адамзат»  атты тазалық іс-шарасы өтті
Сурет: Самат Құсайынов

Алматы қаласы Әуезов ауданының мектептері қала тазалығына атсалысуда. «Алматы біздің ортақ үйіміз» акциясы аясында №104 Жалпы білім беретін мектеп пен №202 мектеп-гимназиясында табиғатты қорғау шарасы өтті.

 Тазалық акциясына 600-ге жуық мектеп оқушылары белсене қатысты. Мектеп ауласы қоқыстан тазартылды. Оқушылар ағаш көшеттері мен гүлдер отырғызып, жасыл желектерді зиянкестерден қорғау үшін түптерін әктеді. Егілген ағаштарды суғарды да ұмытпады. Табиғатқа деген махаббаттары артқан оқушылар, айналасын енді ластамайтындарын айта кетті.

– Біздің негізгі мақсатымыз – елімізге саналы әрі тәрбиелі ұрпақ өсіру. Осы орайда, бұл шараны оқушылардың экологиялық және тазалық мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырдық. «Алматы – біздің ортақ үйіміз» акциясы аясында білім ордамызда әртүрлі шаралар өткізілуде. Оқушылар мектебіміздің айналасын көркейтуге өз үлестерін қосуда. Бұл, әрине қуантарлық жағдай. Себебі, келешек ұрпағымыз табиғатын сүйетін азамат болып қалыптасуда. Қазір оқушылардың арасында арнайы эко-сақшылар да бар. Олар, мектептің іші мен сыртындағы тазалыққа жауап береді. Мұндай шаралар олардың қоршаған ортаға деген махаббатын арттырары сөзсіз, – деді №104 жалпы білім беретін мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Майгүл Оразыханова.

– Барлығымыз білетін біздің қоғамда тазалық мәдениеті төмен деңгейде. Бұл акция басталғалы байқағанымыз, барлық қала тұрғындары табиғатты аялауға жүйелі түрде жұмыс жасауда. Бұндай жақсы шаралар, бір ай ғана емес жиі болып тұрса дейміз. Мақсат – балаларды мектеп қабырғасынан тазалыққа, табиғатты қорғауға үйрету. Осы орайда, әр аптаның бейсенбі күнін тазалыққа арнадық. Ол күні оқушылар, өз сыныптарын, мектептің айналасына тазалық жұмыстарын жүргізеді. Осылайша, балалар бұл істің қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Бүгінгі шарада, мектеп түлектері мен жоғарғы сынып оқушылары ағаштар отырғызды. Кейбір балалар өздері гүлдер әкеліп отырғызды. Бұл біздің дұрыс бағытта жұмыс жасап жатқанымызды көрсетсе керек. Балалар бірден болмаса да, уақыт өте келе тазалық мәденеитін бойларына сіңдіретініне сенімдіміз,  – дейді №202 мектеп-гимназия директоры Болат Жанайханұлы.

Тазалық мәдениетін қалыптастыруға арналған шараға мұғалімдер мен оқушылардан бөлек, ата-аналар да қатысты. Олар балаларға ағаш пен гүлді қалай дұрыс отырғызудың технологияларын үйретті. Рита Бакирова есімді тұрғынның айтуынша, бұндай іс шаралар баланың еліне деген сүйіспешілігін арттырады. Қоршаған ортасын ластамауға, таза ұстауға тәрбиелейді. Біз балаларға үлгі көрсетсек, олар да біздің істегенімізді жасайды. Сондықтан, бұл оқушылардың ғана жұмысы емес, барлық қала тұрғыны атсалысатын акция.

№104 жалпы білім беретін мектептің 10 сынып оқушысы Сымбат Маратқызы айналасының таза болғанын ұнатады екен.

– Жалпы бұндай іс-шаралар мектебімізде жиі өткізіліп тұрады. Өз басым тазалықты жақсы көремін. Сондықтан, мектеп айналасының да таза болып тұрғанын қалаймын. Бір қуанатыным, біздің артымыздан ерген кіші сынып оқушылары да бір үйідң баласындай жұмылуда. Біз оларға үлгі болғанымызға қатты қуаныштымыз, – дейді мектеп президенті Сымбат Маратқызы.