Таусамалына толық асфальт төселеді

Таусамалына толық асфальт төселеді
Сурет Алматы қаласы әкімдігі

Алматыдағы Таусамалы шағын ауданының барлық көшелеріне 2023 жылдың қараша айының соңына дейін асфальт төселеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Наурызбай ауданына жұмыс сапары барысында Ерболат Досаев Таусамалы шағын ауданына барды, мұнда жолдарды орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 

Көлік инфрақұрылымының жағдайы екі жыл бойы шағын аудан тұрғындарын алаңдатты. 2021 жылы "Ак-Мешит Мелиоратор" ЖШС мердігерлік ұйымы инженерлік коммуникацияларды жүргізген соң жобаны түзету және қаржыландыруды қайта бөлу себебінен жол жабыны толық төселмеді. Жалпы ұзындығы 3,6 км болатын 6 көшенің учаскелері асфальтсыз қалды. Қала басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылы Наурызбай ауданы әкімдігінің сұрауы бойынша орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге өтініш қалалық мобильділік басқармасына жолданды, жол төсемін қалпына келтіруге жауапты мердігер – "Жетісу Жол Құрылыс" ЖШС анықталды. 

Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева қала басшысына қазіргі уақытта шағын ауданның 4 көшесінде асфальт төсемді қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанын, қалған учаскелерді ағымдағы жылдың 30 қарашасына дейін аяқтау жоспарланғанын баяндады. 

Жұмыс сапары барысында Алматы әкімі Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесті, олар көлік инфрақұрылымымен екі жылдық проблеманы шешкені үшін алғыс білдірді, мегаполис басшысына сапалы сумен қамтамасыз ету мәселелерін айтты. Атап айтқанда, "Қарғалы" су қабылдау станциясын іске қосу туралы сөз болды. Ерболат Досаев ҚазҚСҒЗИ ағымдағы жылдың жазында тест сынағының қорытындылары бойынша ескертулер жойылғаннан кейін оң қорытынды бергенін атап өтті. Станциядағы жұмыстар 95%-ға аяқталды. Сондай-ақ, 2025 жылдың соңына қарай "Ақсай" станциясының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Осылайша, Наурызбай ауданы батыс жағынан да, шығыс жағынан да орталық сумен үздіксіз қамтамасыз етіледі.