Танымал тұлғалар арқылы ел туризмін дамыту мүмкіндігі қандай?

Танымал тұлғалар арқылы ел туризмін дамыту мүмкіндігі қандай?
Сурет: Сrcons.com

Музыка, спорт, кино және тағы басқа салалар бойынша елімізді әлемге танытып жүрген отандастарымыздың қатары жыл санап артып келеді. 

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов отандық танымал тұлғалар арқылы ішкі туризмді дамыту туралы айтты.

Бұл туралы Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды. 

«Димаш Құдайберген – 2018 жылы таңдалған отандық туризмнің алғашқы амбассадоры. Біз Димаштың турын ұйымдастырып, қытайлық жанкүйерлер мен туроператорларды әкелдік, кейін пандемия басталып кетті. Осылайша туристерді тартудың әдістемесі жасалды. Бұл жерде жергілікті атқарушы органдар іске жұмылуы керек, соның ішінде Димаштың туып-өскен жері Ақтөбе облысының әкімдігі де бар. «Kazakh Tourism» компаниясының бүкіл елді қамтуы мүмкін емес. Әкімдіктер осы бағытта жұмыс істеуі керек. Димаштан басқа Иманбек, Геннадий Головкин, Александр Винокуров тағы басқалар туризм амбассадоры бола алады. Шетелде танымал қазақстандықтардың саны жеткілікті. Сонымен қатар ішкі туризмді ілгерілетуде шетелдік инфлюенсерлерді тарту қажет», - дейді Қайрат Сәдуақасов.

Спикердің айтуынша, Швейцарияның тәжірибесіне сүйене отырып, шетелдік жұлдыздарды тарту керек.

«Мысалы, Роджер Федерер – теннистен әлем чемпионы және Швейцарияның амбассадоры. Бірақ ол Швейцарияны жалғыз өзі танымал ете алмайды. Осы орайда олар танымал актер Роберт Де Нироны тартты. Роджер Федерер мен Роберт Ден Нироның сөйлескен сәтінің видеосы барлық жерде тарады және Р.Федерер Роберт Де Нироны өз еліне шақырады. Маркетинг өзара байланыс бар кезде жақсы жұмыс істейді. Осы орайда отандық танымал азаматтар шетелде Қазақстан туралы айтып жүрсе, керемет емес пе?! Шетелдік жұлдыздарды тарту қажет. Ол үшін қанша қаражат қажет екенін білеміз», - дейді ол.