Талдықорғанда заңсыз берілген 46 пәтер әкімдік меншігіне қайтарылды

Талдықорғанда заңсыз берілген 46 пәтер әкімдік меншігіне қайтарылды
Сурет: Ашық дереккөз

2013-2021 жылдар аралығында 1026 пәтер заңсыз берілген

Талдықорғанда заңсыз берілген 46 пәтерді қожайындары әкімдіктің меншігіне қайтарып берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Одан бөлек 147 пәтерді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті қандай жолмен берілгенін тексеріп жатыр.

«Мемлекет меншігіне қайтарылған 46 пәтер қазір кезекте тұрғандарға үлестіріліп жатыр. Оның 18-і кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарға, 12-і түрлі мемлекеттік қызметте істейтін қызметшілерге қызметтік пәтер ретінде берілді. Ал одан бөлек 147 пәтердің қандай жолмен берілгенін антикор тексеруде», - деді Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хатшысы Мади Шакенов.

Ведомство өкілінің айтуынша, 2013-2021 жылдар аралығында 1026 пәтер заңсыз берілген. Одан бөлек 669 пәтер әлеуметтік осал топтарға, ал 357 пәтер бюджет пен мемлекет қызметкерлеріне берілген.

«669 пәтер иесінің 545-і өзінің осал топқа жататынын дәлелдейтін құжаттарын әкелді. Жұмыстар жалғасуда»,- деді Мади Шакенов.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Талдықорғанда мыңнан аса баспананың заңсыз берілгенін хабарлаған болатынбыз.

Қазір облыс орталығында 180 мың халық бар. Ал, баспана кезегінде 14 900 адам тұр.