Соңғы бес жылда елімізде онлайн-банкинг қызметін пайдалану 60% өсті

Соңғы бес жылда елімізде онлайн-банкинг қызметін пайдалану 60% өсті
Сурет: Kapital.kz

Бұл қазақстандықтардың көп бөлігі қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды жөн көретінін білдіреді.

Елде соңғы 5 жылда онлайн-банкинг, яғни қаржы институтарының қызметін қашықтан пайдалану көрсеткіші 60% өскен. Ranking.kz порталы сарапшыларының пікірінше, бұл ең алдымен қажылық технологиялардың дамуымен тікелей байланысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Ішкі нарықтағы компаниялардың дені қазір бар үрдісті автоматтандырып, қызметтері мен төл өнімдерін онлайн ұсынуға көшкен. Тұтынушыларға да қаржыны шешіп әлек болғаннан гөрі қажеттісін онлайн-банкинг арқылы жүзеге асыру тиімдірек. Уақыт пен жол машақатын шешумен қатар, бонустар мен арнайы ұсыныстар беріледі. Бүгінде әрбір азамат кемінде 4 онлайн жүйенің қызметін кәдесіне жаратып жүр.

«Онлайн-банкинг қызметін пайдаланушылар санының артуы орынды жағдай, себебі бұл – заман талабы. Бұл бүгінде барлық үрдісті сандық жүйеге келтірудің аясында орын алып отырғаны белгілі. Себебі қандай да бір секторды алып қарасақ та, цифрландыруға көшу кешенді түрде қолға алынған. Қазір мобильді қызметті, оның ішінде кеңжолақты интернет желісін пайдаланатын адамдардың қатары артып келеді. Бұл – өте маңызды көрсеткіш. Былтырдың соңында ондай адамдардың саны 17 миллионға жуықтаған. Сондықтан цифрландырудың маңызы зор және қажеттілігі күннен күнге артатыны сөзсіз», - дейді экономист Сергей Домнин.