Солтүстік өңірлерге көшетіндердің 50% баспана шығынын Үкімет төлейді

Солтүстік өңірлерге көшетіндердің 50% баспана шығынын Үкімет төлейді
Сурет: Ашық дереккөз

Ұтқырлық сертификаты енгізілді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек күші аз өңірлерге қазақстандықтарды қоныстандыру процесін жетілдіріп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Бүгінде еңбек күші тапшы өңірлердің мәселесі күн тәртібінде. Ол дегеніміз жұмыс күші аз, әсіресе, солтүстік өңірлерге оңтүстіктен азаматтарды көшіру. Жыл сайын квота бөлініп келеді, оның көлемі артуда. Мысалы, биыл өткен жылға қарағанда 566 квотаға көбейді. Азаматтарды қоныс аударуға ынталандыру мақсатында аталған шаруаны автоматтандыру қолға алынды», - деді Ілияс Испанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Одан бөлек, әр өңір бойынша жол картасы бекітіліп, көшуге тапсырыс алдын ала беріледі.

«Сонымен қатар бүгінде ұтқырлық сертификаты енгізілді. Ол бойынша азаматтарды баспанамен қамту шығынының 50 пайызын Үкімет төлеп береді, қалған 50 пайыз шығынды жергілікті атқарушы орган немесе жұмыс беруші өтейтін болса, онда квота саны арта түспек», - дейді Көші-қон комитетінің басшысы.