Сыйақының да «сиқыры» бар

Сыйақының да «сиқыры» бар
YouTube

Бұл қызметкердің жұмыс өнімділігін арттырады

Әлемдегі табысқа қол жеткізгендер – үнемі өздерін қайрап, әрдайым ақша табудың жолдарын іздеген. Ал биік деңгейге көтерілген шақта, өзгелердің адал еңбегін бағалаған. Сапалы іс тындырып, тыңғылықты тірлік атқарғандардың еңбекақысын ұлғайтқан. Өйткені, білікті маман қай жерде де сұранысқа ие. Егер оның қабілет-қарымын байқап, ісіне қарай бағаласаңыз, сол адамнан артық іскер жан болмасы анық. Бұл қаржыгерлердің сан мыңдаған жылдар бойы бізге дәлелдеп қалдырған теоремасы. Сондықтан әр еңбектің қайыры боларына сенеміз.

Сыйлық көңіл жадыратады

Дүниеде екі байлықтың көзі бар. Бірі – материалдық, екіншісі – рухани. Көбісі екіншісін дұрыс көреді. Ол да жөн. Дегенмен, күнделікті тіршілікте тым бай-бағланға айналмасаңыз да, жеткілікті деңгейде ғұмыр кешкенге не жетсін?!

Адамның арманы көп. Ал қиялында тіпті шек жоқ. Ойға алған істі кәдеге жарату ептіліктің, ақылдылықтың және ой ұшқырлығының бір белгісі саналады.

Көңілімізді бір серпілтетін нәрсе, ол – сыйақы. Жасаған еңбегіңнің жемісін көру ғанибет. Ал ол үшін маңдай терді сығып жүріп қызмет еткен абзал. Сонда ойлағаныңызға қол жеткізесіз.

Ганс Христиан Андерсен: «Қозғалу, тыныс алу, қалықтау, жүзу, сыйлық беру-алу, зерттеу, саяхаттау – міне, өмірдің мәні осы», – депті. Біреулер үшін бұл білгірдің ойы, өзі жазғандай, ертегі сипатында қабылдануы мүмкін. Десе де, астарында талай пайым-түсініктер тұнып жатыр.

Білгенге – маржан

Қазіргі заман адамзатқа мол мүмкіндіктер ұсынуда. Кез келген жерде іс атқарып, көп қаржы табуға болады. Ол үшін ең бастысы, барша кедергілерді еңсеру керек. Сонда ғана жұмысыңыз алға басады.

Қаржының сыры ежелгі дәуірлерде жатыр. Жаһанға әйгілі Александр Македонский, Шыңғысхан, Әмір Темір сынды патшалар дүниедегі ең ауқатты тұлғалар саналған. Олар өздерінің даңқын жан-жақты пайдаланған және шығарған. Даңқты қолбасшылар өздерінің даңқын асыру мақсатында әртүрлі әрекетке барған. Қасында жүрген үзеңгілестеріне зәулім сарай, қапшық-қапшық алтын динар, тағы сол сияқты нәрселермен құрмет-разылығын танытқан. Оған дәлел ретінде 1520–1566 жылдары Осман империясын билеген Сүлеймен Сұлтанды алуға болады. Ол өзінің бас уәзірі әрі күйеу баласы Ибраһим патшаға арнап сарай салдырған деседі. Әрине, бұл зәулім ғимарат алтынмен апталып, күміспен қапталғаны сөзсіз.

Ерте заманда шексіз ризашылық білдіру әртүрлі сипатта болған. Бай-шонжарлар жібек мата, бағалы ішік, кейбірі қомақты тиын салынған қапшықтар ұсынған. Мұны әр елдің өзіндік салтымен, ғұмыр кешкен уақытымен, дағдысымен байланыстыруға болады. Қысқасы, патша, бай-бағлан, т.б. разылығын түрліше білдірген.

Ептінің заманы

Бүгінгі кезең арпалыс сияқты. Бәрі тез қимылдайды. Тіпті, уақыттың өзі жылдам өтіп жатқан сияқты. Кейбір ептілер «жұмытқадан жүн қырқып жүр». Онысына тек ризамыз. Себебі, табыс кілті ептілікте екені айқын.

Бұрынғы білгір даналар «Сыйлық – адам мен адам арасын жақындастырады» деп аталы сөз қалдырған. Біздің қоғам нарықтық аймақта күн кешуде. Әлеуметтік желіден ата- анасына, бауырына, досына сыйлық жасап, қуантып жатқандарды көреміз. Таңданып, тамсанамыз. Осының барлығы жоғарыда айтылған тарихтың дамыған, жетілген сабақтастығы десек, артық айтпағандық болар.

Шығыс халықтары үшін сапалы тірлік бәрінен маңызды. Мәселен, Жапония, Оңтүстік Корея да ынталандыруға баса мән берген. Тіпті, алдыңғы орынға шығарған. Айрықша ден қойған. Оларда компания, корпорациядағылар әртүрлі қаражат көлемінде сыйақы тағайындайтын көрінеді. Ол жағын әр ұйым өзінің ішкі құрылымына сай шешкен. Нақтырақ қанша айлық мөлшерінде беретінін өз ережелеріне сәйкес жасайды екен. Осы тақылеттес дүниені АҚШ, Түркия, Сингапур сынды дамыған елдердің тәжірибесінен аңғарамыз. Осындай игі дәстүр елімізге де ойысуда.

Қаржыгерлер «сыйақы ынтаның артуына алып келеді» деп жатады. Тегі, дөп айтылған сөз. Әрбір істің жемісті, бәсекенің жеңісті болуына жетелейді. Сол мақсатқа жету жолында қыруар шаруа атқарылады. Ал нәтиже дәмін татуды әркім көксейді.

 

Табысты болу өз қолыңызда

Әрбіріміз табыс көзін іздейміз. Бірақ қайда, қалай қадам басарымызды біле бермейміз. Ал қаржыгерлер болса, табысты өзіңіздің күш-қуатыңыздан іздеу керектігін меңзейді.

Біздің заманымыз нағыз табыс табудың шағы сияқты. Кім немен айналысады өзі біледі. Ең бастысы, шектен аспаса, біреудің ала жібін аттамаса болғаны. Қалған тіршілік өз ретімен жүзеге аспақ.

Адам баласы болған соң тезірек мол қаржыға кенелуді ойлаймыз. Сол арқылы үй-жай салып, бірнеше пәтер, қымбат көлік мінуді көздейміз. Дегенмен, сол жолда тактика керектігін онша ескере бермейміз.

Бүгінгі таңда онлайн жұмыс істейтіндер қатары артқан. Мәселен, бұрын бұл термин таңсық болатын. Әсіресе ІТ, архитекторлар, блогерлер, сайтта жұмыс жасайтын тілшілер т.б. толып жатқан мамандық иелері қашықтықтан жұмыс жасап жүр. Олардың айлық табысы да өте жақсы. Тіпті, Түркия, Жапония, Америка Құрама Штаттарында жүрсе де, осында өз жұмысын ғаламтордың көмегімен тындыра алады. Бұл бір жағынан, интернеттің адамзатқа берген зор мүмкіндігі деп білеміз.

Еңбек еленсе екен...

Әрбір адам еңбек істеп, табан ет, маңдай терін төгеді. Қайтсе де жақсы айлық тауып, қажеттілігін жапқысы келеді. Сол үшін талпынады. Күндіз-түні еңбек етеді.

Жас кезде адам қиялшыл болады. Арманын асқақ қояды. Ауылдан үлкен шаһарларға барып іс қылады. Ә дегенде май шелпек жоқ. Әбден өмірдің сүрлеуінен өтеді. Сол ортаға сіңеді. Сөйтіп, біртіндеп үйлі-жайлы бола бастайды. Ал қазіргі ипотека сыйқын білесіз. Пайыздық мөлшерлеме тым қымбат. Ипотеканың алғашқы жарнасын төлеймін деп, екінші деңгейдегі банктерден кредит алады. Бар-күш жігерін салғаннан кейін жөндеу жұмыстарын қатырып істеп кіріп алуға ниеттенеді. Ал осының бәрі айлығынан көп болып шыға келеді. Соны төлеймін деп қосымша жұмыстарға жегіледі. Жаратқаннан әйтеуір 8–10 жыл ипотека мерзімінде ауырып- сырқамауын тілейді. Сондықтан істеп жүрген ортасында ісі нық, артық сөзі жоқ өз ісін тыңғылықты атқаруға барынша тырысады. Адам армансыз болмайды ғой. Қатарластары 2-3 айлық сыйақы алғанын көріп естіп, өзі де үміттенеді. Қашанғы іште сақтап жүре берсін, соған қарай талпынады. Міне, содан келіп премия деген халықаралық термин текке шықпаған. Еңбегіміз еленіп жатса, мойнымыздағы ипотекаға біршама әсер етер еді. Ниетімізге жетейік!

Түбі бір жақсылық болады

Сыйақының қаншалықты құнды екенін көзіқарақты ағайын білер. Өйткені, өз есебі түгел, айлық табысы жоғары жандар аса бір құмартпауы да мүмкін.

Алайда, көбісі сыйлық алып, мерейі үстем болғанын қалайды. Ол жағын жасырып-жасқаудың қажеті шамалы. Себебі, баршамыз жұмыр басты пендеміз. Біреу бала- шағасына, ендігісі ауылдағы ата-анасы, бауырларына береді. Солардың керек-жарағына жұмсайды. Десе де, «жыламаған балаға...», түсіндіңіздер, иә!

Қазір инфляция 20% құрап тұр. Жүріп-тұру құны артты. Баға шарықтап барады. Баяғыда ойлаушы едім «неліктен үлкен депрессия түседі» деп. Кілтипан тұрмыста екен ғой. Соның жолына біз де түстік. Не болса да, денсаулық мықты болсын. Біздікі арман. Ал ол бәлкім, орындалар немесе басқаша... Ең бастысы, өз ісіңіздің шебері болуға жазсын. Сонда атақ-мансап өзі тауып келер.

P.S.

Дүние жүзіндегі ең құнды сыйлық – Нобель премиясы. Кинода – Оскар. Осы сияқты тізім әр салада жалғаса береді. Сыйақы мен сыйлық – егіз ұғым. Мұны иеленуге еңбегі адал, тірлігі нық, іскер әрбір жан үмітті әрі лайық демекпіз.

 «Аlmaty-akshamу», №99, 19 тамыз, 2023 жыл