ШЫҰ жаңа мүшесі:  Иран құрсаудан құтылды ма?

ШЫҰ жаңа мүшесі:   Иран құрсаудан құтылды ма?
Сурет: Ғалым Смағұл

Осы аптада Иран Шанхай ынтымақтастық ұйымына ресми мүше болғалы отыр. Бұл Қазақстанды қамтыған аталмыш ұйымның ауқымы барған сайын кеңи түскенін көрсетеді. Енді бір жағынан Иран Ислам Республикасының белсенді дипломатиялық жүрістерінің жаңа нәтижесі ретінде де бағаланады. Мұның өзі тиісінше кейбір дәстүрлі сұрақтарды қайта өзектендіре түссе, оған қоса жаңа мәселелерді де ортаға салады. Айталық, тежеуге ұшыраған Иранның аймаққа жасайтын ықпалы қайта күшейе ме? Не болмаса, ШЫҰ-ның сыр-сипаты қай бағытқа кетіп барады? Міне, бұлар Иранның Орта Азияға тарихи ықпалдастығын ескере отырып, қаперге алатын сұрақтар. 

Иранның белсенділігі

Соңғы уақытта Иран белсенді дипломатиялық жүрістерді жүрді. Мысалы, Сауд Арабиясымен дипломатияны қалпына келтіре бастады. Латын Америкасындағы елдермен сауда-экономикалық байланыстарын күшейтті. Ядролық бағдарлама бойынша жанамалай болса да келісім алаңында ілгерілеуге қол жеткізді. Енді міне,  барған сайын кеңейіп келе жатқан ШЫҰ-на да ресми мүше болғалы тұр. Бұның бәрін Теһран (Тегеран) не үшін жасап жатқаны белгілі, санкциядан қалжыраған экономикасын оңдап, елді дипломатиялық оқшауланудан алып шыққысы келеді.

Жалпы жағынан қарағанда, Теһранның бұл құлшынысы нәтижесіз емес. Аймақтағы өзінің басты қарсыласы саналатын Сауд Арабиясымен ортада дипломатиялық сүрлеуге қайта із түсті. Бұны Орта Шығыстың геосаяси атмосферасын өзгертетін оқиға деуге де болады. Екі мұсылман елінің ортасына Қытайдың араағайындық етуі де көңіл бөлетін түйін. Ал  таяуда ИИР президенті мен Сыртқы істер министрі Латын Америкасындағы бірқатар елге сапарлай барды. Онда да құр қайтпады, мұнай-газдан тартып, өзге де өнімдеріне жаңа нарық, кең өріс ашып қайтты.

 

«Шығысқа бет бұру»

Иранның қазіргі жоғары көшбасшысы Али Хаменеи «Шығысқа бетбұру» саясатын ортаға қойған. Бұл батыстық қысым астында Иранның баламалы сыртқы саясатының негізгі бағыты қатарында танылған.  ШЫҰ-ға мүше болу да осы саясатқа орай жүзеге асты. Бұл қазіргі Теһран билігі үшін мейлінше пайдалы болары анық. Себебі, бұл елдің халықаралық беделін арттыруға өз септігін тигізеді, тиісінше дипломатиялық оқшауланудан сақтап қалмақ. Шетелдік, әсіресе, америкалық сарапшылар осы жағына көбірек назар аударып жатқаны бекер емес. АҚШ, Ұлыбритания қатарлы елдер ұзақ уақыттан бері Иранның аймақтағы амбициясын бар мүмкіндігін сала отырып тежегені белгілі. Сауд Арабиясын жақын серіктес ретінде тарта отырып, Парсы шығанағында, Таяу Шығыста, тұтас Орта Шығыс аймағындағы Иранның ықпал күшінің кеңеюін тежеп ұстады. Бұл «Шығанақ соғысынан» кейінгі аймақтың геосаяси бет-бейнесін қалыптастырған стратегиялық жүріс болды.

Жасырары жоқ, жаһанның қазіргі жағдайы Иранға өзіндік мүмкіндіктерін беріп, қысымдармен бірге шығар жолдарды да көрсеткендей болды. Айталық, Украинадағы соғыс Иранның маңызы мен орнын қайта еске салды. Мәскеу мен Теһран қарым-қатынасының тұрақты жалғасымы Батыс елдері үшін үлкен кедергі болатынын ескерткендей еді. Бұған қоса, Қытай мен Батыс елдері арасындағы қайшылықтың барған сайын күшеюі де Иран үшін өз орайын ұсынып жатқандай. Неге десеңіз, Иран үшін батыс бағыттағы жол түбегейлі жабық болып келді. АҚШ және оның одақтастары Иранның аймақтағы амбициясына үнсіз қарап отыра алмайтын болса, Иран да батыстық құндылықты, ережелерді қабылдағысы келмеді. Асқынған қайшылық пен қарсылық қатаң санкцияларға, дипломатиялық оқшаулауға алып келген болатын. Державалар арасындағы бәсеке, ендігі жерде, Иранға белгілі деңгейде мүдделес елдерді, қолайлы саяси үйектерді қалыптастырды. Қазіргі таңда ИИР билігі бұл топтардың мүмкіндіктерін өз мүддесіне оңды пайдалануға барынша тырысып жатыр.

Айта кетейік:

Шанхай ынтымақтастық ұйымы бастауын 1996 жылы бас қосқан «Шанхай бестігінен» (Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан) алады. 2001 жылы Өзбекстанды қатарына қосып, ынтымақтастық ұйым болып құрылды. Әуелде ұйым Орталық Азиядағы лаңкестік әрекеттердің, сепаратизм мен экстремизмнің мәселелерін шешуге бағытталды. Кейін Өзбекстан мүшеліктен шықты, алайда ұйым кеңейе берді. 2017 жылы құрамына Үндістан мен Пәкістан қосылып, ядролық державалар жиналған ұйымға айналған еді. 

 

ШЫҰ беталысы

ШЫҰ-ға мүше болу Иранға тікелей қандай мүмкіндіктер беруі мүмкін? Ең алдымен, ел экономикасына деген санкция зардабын жеңілдетуге көмек болуы мүмкін. Себебі, санкциядан әбден тұралаған елге экономикасындағы Батыстың ықпалын алмастыратын жаңа елдер керек. Ондай елдер ШЫҰ-да жеткілікті. Бұл ұйымның көмегімен Иран аймақтық державалармен экономикалық қатынасын дұрыс жолға қойғысы келеді. Айталық, Түркия мен Сауд Арабиясы секілді аймақтық державалар аталған ұйымға кіруге күш салып келеді. Бұған қарағанда, Иран алдағы уақытта БРИКС елдерінің қатарына қосылуға да әрекет етуі мүмкін.

Дегенмен, осыған дейін біз Шанхай ытнымақтастық ұйымы ішінде де күрделі проблемалардың бар екенін айтып келген едік. Ұйымның шамадан тыс кеңеюінің өзі – ең негізгі проблема. Әлем халқының жартысына жуығын қамтитын елдер бір ұйымда өзара тиімді әрекет ете ала ма? Бұған әлі жауап жоқ. Оның үстіне, ұйым мүшелері ортасында шешім таппаған салмақты қайшылықтар бар. Айталық, жаңа мүшелері Үндістан мен Пәкістанда, Үндістан мен Қытай ортасында дегендей. Ұйымның басты құрушылары әрі «шексіз достық» қарым-қатынаста тұрған Ресей мен Қытайдың өзі болашақта Еуразия аймағы үшін бәсекелестік қарым-қатынасына өтпесіне кепілдік жоқ. Міне, осындай ұйымға тағы бір шешім таппаған Иран – Сауд Арабиясы қайшылығымен бірге кіруі мәселені тың деңгейге көтермек. Соның бәрі ұйым деңгейінде қаншалықты оң шешім табады, міне, мәселе сонда жатқандай.

Шындап келгенде, осы ұйым төңірегінде өте ауқымды ойындар жүріп жатыр. Жағдайдың даму бағытына қарағанда, алдағы болашағын былай деп болжауға болады: Бейжің мен Мәскеу Ираннан кейін Сауд Арабиясын, тіпті Түркияны ұйымға қабылдауға жасыл шырақ жағады. Оның себебі, бұл қадам Ресей мен Қытайға АҚШ және Еуропаға қарсы қуатын нығайта түседі. АҚШ-та бұған бей-жай қарамасы анық. Онсыз да Үндістан мен Пәкістанның, тіпті Иранның ұйымға кіруіне селқостық танытуы үлкен өкініш. Ендігі жерде Сауд Арабиясы мен Түркияның ұйымға мүше болуына өзіндік тосқауылдарын, қарсы шараларын жасауы мүмкін.  

Орта Азия елдері мен Иранның өзара терең ықпалдастығы мыңжылдықтарға жалғасып келген. Соңғы дәуірде Иран Ислам Республикасы өзінің Батыспен болған қайшылығынан дипломатиялық оқшаулануға түсті. Ұзақ мерзімдік және пәрменді санкциялар әсерінен ел экономикасы да серпінді дамуға жете алмады. Соған қарамастан, Теһран (Тегеран) Орта Таяу Шығыстағы өзінің ықпал күшін барынша сақтап келеді. Егер ШЫҰ арқылы бұл кедергілерді айналып өтуге жол тапса, алдағы болашақта Иранның өзіне шекаралас елдер мен аймаққа ықпалы қарқынды түрде артады. Еліміздің және аймақтың болашағы тұрғысынан бұл да көзқарақты қоғам өкілдерінің назарында болуға тиіс. Әрі  қазірден бастап тереңдете қазып, зерттеуге тиісті салмақты мәселе.

 

Эксперттер не дейід?

Қуанышбек Қари, шығыстанушы-сарапшы:

Иранның қазіргі белсенділігін санкциялардың босау мүмкіндігімен түсіндіруге болады. Нақты мәлімет емес, бірақ, соңғы 3-4 апта ішінде Иран Батыспен мәмілеге келгені жайында ақпарат тарап жатыр. Нақты айтқанда, ауызша мәмілеге келген, санкцияны босату жайында. Қандай талап-шарттар негізінде келгені қазірше анық емес.

Ал, ШЫҰ-ға мүше болу – Иранның әуелден бері көздеген стратегиясы. Аймақтық, халықаралық ұйымдарға мүше болу арқылы өз ықпалы мен сөзін өткізу мақсатында мұндай ұйымдарға талпынады. Әсіресе, Батысқа қарсы ұйымдарға мүше болу Иранның негізгі стратегиясы мен саясатына сәйкеседі. ШЫҰ ішінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты мүше әрі Батысқа қарсы екі ел –  Қытай мен Ресей тұр. Иран мұндай ұйымға мүше болуға әбден мүдделі.

Бұған қоса Иранның амбициясы өте зор. Сондай зор мақсаттарының бірі – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне ислам елдері атынан тұрақты мүше болу. Әрине, бұл халықаралық тұрғыда қаншалықты жөн не жөн емес, я болмаса, қаншалықты жүзеге асады, аспайды – ол басқа әңгіме. Міне осыдан қарағанда ШЫҰ-ға мүше болу арқылы Иран өзінің амбициясын жүзеге асырғысы келеді. Ұйымдағы елдерден алып қарағанда, Ресей мен Қытайдан басқасы экономикасы мен басқа потенциялы жағынан Ираннан төмен елдер. Өзінен биік, қуатты елдермен дәрежелес болуға ұмтылғандықтан олардың амбициясы да жоғары. Бір сөзбен айтқанда, ұйымның өзі Батысқа қарсы болғандықтан Теһран оған қуана-қуана мүше болады.

Иранмен қатынас бірздің аймаққа оң тұрғыда әсер етеді деп ойлаймын. Екі жақтан да ұдайы айтылып келеді, Қазақстан-Иран ортасында жылдық тауар айналымыз 3 млрд долларға жеткізу дегенді. Бірақ, 1-2 млрд көлеміне жетіп, кейін қайта құлап кетіп жатқан кездері болды. Тіпті, қателеспесем, 2019 жылы 280 млн долларға дейін түсіп кетті. Оған енді пандемия секілді екі елдің ырқынан тыс құбылыстар әсер етті. Әрине, санкция әсері де бар.

Иран енді Орта Азияны жаңа тәуелсіздік алған, өзінің ықпалындағы елдер ретінде қарайды. Әсірелеп айтсақ «баласынады». Соның өзінде екіжақты тиімді қарым-қатынасқа баруға мүдделі. Аймақ елдері ашық теңізбен шектеспейтін болғандықтан, аймаққа кіретін тауарларды жеткізуде логистикалық тұрғыдан пайда тапқысы келеді дегендей. Жақында Өзбекстан президенті де сапарлап қайтты, онда да сауда айналымын 3 млрд долларға жеткізу мақсаттары ортаға қойылды.

Меніңше, Өзбекстан-Иран қатынасы назар аудартатын секілді. Екі ел қатынасы Өзбекстанға екінші президент келгеннен кейін жаңа бағытта дамыды. Өзбек жұрты да аймақта ықпалды ел ретінде саналады ғой, қалай болғанда да. Мирзиеевтың Теһран сапарынан байқағанымыздай, былтырғы Қазақстан президентінің сапарына қарағанда айрықша акцент берілгендей болды. Қол қойған құжаттары да маңызды салаларда екі елді жақындастыруға бағытталғаны байқалды. Бұл Иранның Өзбекстанмен қатынасы бізбен салыстырғанда қарқынды дамитындай әсер қалдырды. Мысалы, біз сауда көлеміндегі 3 млрд долларды 15-20 жылдан бері айтып келе жатсақ, Өзбекстан президентінің бір сапарының өзінде осы меже қойылып отыр. Мәдени жақындық та екі елді жақындастыруға әсер етіп жатыр.

Қазақстанмен де кейбір мәдени ортақтықтары бар, дегенменде, аймқата Иранмен мәдениеті жақын ел өзбектер мен тәжіктер. Тәжікстан ең жақын ел саналса да Иранмен кейде тату, кейде қату боп келеді. Оның саяси мәні де бар дегендей.

 

Нұрат Ілияс, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің аға оқытушысы:

Иран ШЫҰ-на мүше болғанымен, бұл санкциядан қашып құтылады деген сөз емес. Санкция Батыс елдері тарабынан салынды, жоғары технологияларға қол жеткізу Иран үшін әлі де қиын. Енді, Ресей, Қытаймен ұйым арқылы тіпті жақындайтыны белгілі.

Екінші жағынан, ШЫҰ бір мәселені шешетін ұйым деу қиын. Онда тек ірі мемлекеттер – Ресей, Қытай секілді АҚШ-қа қарсы әрекет еткісі келеді. Тек, мәселені отырып кеңесетін ұйым іспетті. Ешкім өзіне қандай да бір міндет алмайды. Ол алғаш «Шанхай бестігі» болып құрылған кезде де Кеңес одағынан дербестік алып шыққан Орта Азиядағы үш мемлекетпен шекараны бекіту мақсатында іске қосылған. Яғни, қазақ, қырғыз, тәжікпен. Ал, кейін Үндістан мен Пәкістан қосылды. Онда да Қытай ұйымдағы өз сөзін өткізу үшін Пәкістанды сартса, Ресей Үндістанды ұйымға тартты дегендей. Бірақ, қазір бұл екеуі де (Үндістан мен Пәкістан, Е.Б) Америкамен жақсы.

Иранға келсек, оны Батыс елдері үшін Қытай мен Ресей де тартып отыр. Жеме-жемге келгенде Иран кімнің сөзін сөйлейтіні анық емес. Көбінде, екеуіне тең мәміле танытып келген. Қытаймен сауда қатынасы жақсы, Ресеймен басқа жағы терең байланысқан дегендей. Бұның бәрі не үшін деген ұйым ішінде қандай да бір мәселеге дауыс берген кезде бұған дейін көбісі Ресей жағында болды. Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан, тіпті Үндістан да көбінесе Ресей жағына шықса,  Пәкістан көбінше Қытай жағына шығып жататын. Қазір, Үндістан болса өзі де бір ойыншы болуға тырысады.

Байқасаңыз,

Ұйым ішінде енді Қазақстанға Иранның келуі-кетуі үлкен бір әсер етпейді. Бұл бір экономикалық та одақ емес. Керісінше, Иран Еуразиялық экономикалық одаққа кірсе бізге тиімді болар еді. Біз сол Иранның өзімен сыртқа шығатын сауда жолын жасай алмай отырмыз ғой. Егер бұл жүзеге асса көптеген өнімдеріміз Ресей емес, Иран арқылы шығатын еді. Иран көп нәрсені шектеу жасап қоя бермейді, айталық, дегеніме көнбесең құбырыңды жауып қоямын деген секілді. Қазір Транс-Каспий арқылы мұнай шығарамыз деп қуанып жатырмыз. Бірақ, Түркия арқылы өту дегеннің өзі соншалықты жеңіл нәрсе емес. Олар да өз мүддесімен айырбастауға дайын тұрады. Көптен бері айтып келе жатқан пікірім де сол болатын, теңіз жолына Иран арқылы шығу керек.