Шет елде отандық кинокартинаның тұсаукесері ұйымдастырылды

Шет елде отандық кинокартинаның тұсаукесері ұйымдастырылды
Сурет: Кazakhfilmstudios.kz

Бішкекте «Мұқағали» және «От» деп аталатын қазақстандық екі кинокартинаның тұсаукесері болды

Премьера қазақ киносы күні аясында өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Отандық туындыларды шетелде көрсету марафоны биыл 15 елді қамтиды. Бірақ ең алғаш болып, дәл осы қырғыз елінің астанасынан бастау алды. Қазақ киносын қырғыз халқы сүйіп көреді.

Сондықтан жергілікті көрермен назарына бұл жолы да бір-біріне мүлде ұқсамайтын, бірегей картиналар ұсынылды. Соның бірі режиссер Болат Қалымбетов түсірген «Мұқағали» фильмі.

Драма жанрындағы бұл туынды көрерменді тек ақынның шығармашылығымен ғана таныстырып қоймайды. Сонымен қатар Мұқағалидің ішкі жан дүниесі, өмірі жайлы сыр шертеді. 

«Енді бұл қазақтың ұлы ақыны. Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған болатын. Үлкен бір...мұнда мен айта кетейін бұл енді ақын туралы емес, ақынның тағдыры туралы, ақынның өмір сүрген ортасы туралы, сол ғасыр туралы. Неге Мұқағали Мақатаев 45 жасында ерте өмірден кетті деген сұрақтарға жауап іздеуге тырыстық», - деді фильм режиссёрі Болат Қалымбетов.