Сайлау датасын Президент жариялайды - Әділет министрі

Сайлау датасын Президент жариялайды - Әділет министрі
Сурет: Ysia.ru

Сайлау датасы белгіленгеннен кейін екі айдың ішінде сайлау өткізілетін болады.

ҚР Әділет министрі Қанат Мусин алдағы күзде өтуі тиіс кезектен тыс Президент сайлауының датасына қатысты сауалға жауап берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында жария еткендей, кезектен тыс сайлау осы жылдың күзінде өтетін болады. Сайлаудың нақты қай күні өтетінін Президент Жарлығымен жария етеді. Сайлау датасы белгіленгеннен кейін екі айдың ішінде сайлау өткізілетін болады», - деді Қанат Мусин Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Айта кетейік, бүгін депутаттар «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңын қабылдады. 

Оған сәйкес, Президенттің мандаты қайта сайлану мүмкіндігінсіз бір мерзімге шектеліп, жеті жыл мерзімге ұзартылады; Нұр-Сұлтан қаласының атауы қайтадан Астана болып өзгереді;

Конституциялық Сот судьяларының өкілеттік мерзімі 8 жылға дейін ұлғайтылады.