Рұқсатсыз жұмыс істеп жүрген 50-ден аса шетелдік анықталды

Рұқсатсыз жұмыс істеп жүрген 50-ден аса шетелдік анықталды
Сурет: almaty-akshamy.kz

Атырау облысында рұқсатсыз жұмыс істеп жүрген 50-ден аса шетелдік анықталды. Шетелдіктің біреуі көлікті мас күйде жүргізген, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, «Қауіпсіз жол» және «Мигрант» жедел профилактикалық іс-шаралары өтіп жатыр.

«Іс-шаралардың мақсаты — жол қауіпсіздігін сақтау, көші-қон заңдылығын бұзған шетел азаматтарын анықтау. Ел аумағынан өз еркімен кету туралы сот қаулысын орындамаған шетелдіктерді мәжбүрлі түрде шығару. Мәселен, 19 ақпаннан бері Атырау қаласының аумағында заңсыз жұмыс істеп жүрген 50-ден аса шетелдік анықталды. Өзге елдің азаматтарына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 5-тармағымен (Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жүзеге асыратын қызметі визада көрсетілген мақсаттарға сәйкес болмауымен көрінген, ҚР-ның халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы немесе жергілікті атқарушы орган өз бетінше жұмысқа орналасуға рұқсатты алу еңбек қызметін жүзеге асыруы) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Жинақталған іс құжаттары сотқа жолданды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Ал кеше, 20 ақпанда алкогольдік мас күйде көлік жүргізген шетелдік ұсталған.

«Полиция қызметкерлері Атырау қаласындағы И.Тайманов даңғылы бойында Chevrolet Cobalt автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде көліктің Өзбекстан Республикасында тіркелгені анықталды. Ал, көлікті аталған елдің 1989 жылғы тұрғыны мас күйде жүргізгені дәлелденді», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.

Мас шетелдікке қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) әкімшілік хаттама толтырылды.