Рухы мықты елдің ғұмыры ұзақ

Рухы мықты елдің ғұмыры ұзақ
kazbilim.kz

Қазақ халқы «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейді. Бұл нақыл сөз ғасырлар қойнауынан үзілмей, бүгінге жетті. Мұның астары, пайым-парасаты өте тереңде жатыр.

Баяғыда үлкен кісілер есті адамдардан тәлім-тәрбие алып қалуға тырысады екен. Содан болар, «үйіңізде қарияңыз болса, жазылып тұрған хатпен тең» деп өсиеттеген көрінеді. Қазақ мемлекетінің тұғыры, егемендігі, айбыны мықты болуы үшін көз-көрген, өмірден түйген-білгені көп адамдардан есті әңгімелер мен дәстүр-салтты біліп қалған жөн деп санаймыз. Осыдан біраз бұрын ұлтымыздың руханияты мен шығармашылығына қалам тербеп жүрген қаламгер Зейнеп АХМЕТОВАМЕН тілдескен болатынбыз. Сол сұхбаттың жалғасын жастар үлгі-өнеге алсын деген мақсатпен ұсынамыз.

Ұлттар тілден қалды - жойылды

Апа, адам қай кезде мәңгүртке айналуы мүмкін?

– Дүниеде қандай ұлт болмасын, оның жаны, жүрегі – тілі. Онсыз ұлт болмайды. Мінекей, сондықтан да  бұл дүниеден татар дәмі таусылып, бір ауыз сөзге, тілдесуге дәрмені жетпей, ауру айналдырған адамды «тілден қалды» деп айтады. Енді ол адамның беті бері қарамайды, о дүниеге кететінін бәрі сезеді. Көрдіңіз бе? Бұны текке мысалға келтірмедік. Оның өз мән-мағынасы бар.

Егер бір ұлт тілден қалса, не болар еді? Оны ойлаудың өзі қорқынышты. Жаратқан дүние жүзіндегі бірде-бір халыққа мұндай тағдырды жазбай-ақ қойсын дейміз. Алайда, өмір-тіршілікте не кездеспейді дерсіз. Кеңестік кезеңнің қылышынан қан тамып тұрған шақта, 100-ден астам майда ұлт жоқ болып кеткен деседі. Сонда олар түп-тамырымен қырылып қалған жоқ. Бұл арада бір нәрсе ақиқат. Ол дегеніміз – сол ұлттар тілден қалды да, жойылды. Сөйтті де, әлгі жұрттар шөре-шөре болып, өзгелердің арасына сіңіп кетті. Бұдан шығатын қорытынды біреу. Әр ұлттың, жаны да, жүрегі де - оның ана тілі дегенге саяды. Бүкіл қасиеті, құндылықтары, ұлттық табиғаты мен болмысы – барлығы тіл арқылы көрінеді.

Осы уақытқа дейін тілге байланысты көп шаралар атқарылды. Оның ішінде бөлінген қаражат та аз емес. Ең бастысы, осының бәрінің түбін түгендеп, тілге өзіміз жанашырлық танытпасақ, ешкім сырттан келіп істеп бермейді. Қазақ тілі өз Отанында салтанат құруы керек. Сонда ғана ұлт болып ұйысамыз.

 

Ұлттық қадір-қасиетімізден ауытқудың салдары

Ана тілдің құндылығы, нәрі туралы айтыңызшы?

Сөзіміз мәндірек әрі дәйекті болмағы үшін әріден тамыр тартайын. Сонау ХVIII ғасырдың бірінші жартысында қазақ даласына жер аударылған поляк Адольф Янушкевичтің қазақ балалары туралы айтқан бір ауыз сөзі қатты әсер етті. Ол «қазақтың 4-5 жастағы балалары керемет жатық сөйлейді» дейді. Ал «жеті жастағы балалары ойын орнықты тауып айтады» деп таң қалады. Бұл қазақ үшін таңқаларлық ештеңе жоқ. Олай болатыны, осы кезге дейінгі әңгімелерімде айтатынмын, бесікте жатып ән тыңдады, әлди, бесік жырын естіді. Содан кейін ата-әжелер бақты. Ертеде ерте үйленгендіктен, жастардың балаларын үлкендер бағып өсірді де, ерте сөйлеп аяқтанған. Бір таңғаларлығы, қаптаған мектебі, бірнеше жүздеген оқу орны болмай-ақ, сол балалар қалай сондай шешен, ойын нық айтып сөйлеген, бәрі-бәрі жұмбақ күйінде қалуда. Ал қазіргі таңдағы бала қаншама ұстаз, мектеп, университет бітірсе де, ойын дәл жеткізуге шорқақ. Сосын «І», «Қ» дегенді тілдері бұралып айта алмайды. Оқығанын мазмұндауға шорқақ. Оның арғы жағында мақал-мәтелдеп, шешен сөйлеуді айтпай-ақ та қойыңыз. Сонда қалай болғаны?!

Бұрынырақта ауыл баласы әрі кетсе молдадан хат таниды. Қазақ баласының «тіл ұстартуы» айрықша болған. Мұның әдісі ойын арқылы жүзеге асқан. Нақтырақ жеткізгенде, «санамақ», «қуырмаш» сияқты ойын түрлерін қолданған. Бас бармақ, балан үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкентай бөбек деп көрсетіп отырып, бүге бастайды. Қайтадан ашқанда, кішкентайынан бастап кезек-кезегімен сен тұр қойыңа, ешкіңе, жылқыңа, сиырыңа бар, ал сен бейбақ үйде қал дейді. Сөйтеді де, алақанды ашып қуыр-қуырмаш деп жалғасын таба береді...

Қарап тұрсаңыз, осының өзінде қаншама сөз ойын арқылы өріледі. Ең соңында қытық-қытық деп қолтықтан қытықтағанда бала күліп, қайтадан қайталағаныңды қалап тұрады. Мінекей, көрдіңіз бе, ұлттық тәрбие деген сол. Біздің балалар көбіне жанды ойыншықпен ойнаған. Әрине, қыз балалар арасында оқта-текте қолдан қуыршақ жасаған. Оның өзін табиғат арнайы ыңғайлап, болашақ аналық кезеңге даярлап тұрғандай. Сонымен бірге, «тіл ұстартуда» жаңылтпаш айтып жарысқан. Бұл, бір жағынан, күлкі, айналаға қыран-топан күлкі сыйлайды.

Мысалы:

Шілікті жақтым,

Жілікті астым.

Жілікті астым,

Шілікті жақтым.

Осы жаңылтпашты тез-тез айтқанда, былқы-шылқы болып кетіп, естіп отырғандарды күлдіріп жібереді. Ал балалар болса, дұрыс айтуға, жаңылмауға тырысып, тілді жаттықтыруға дағдыланады.

Содан кейін балалардың ойлау қабілетін, логикасын дамытатын ол – жұмбақтар. Бұл кәдуілгі өнер болған. Қазақ халық ауыз әдебиетінің үлкен бір саласы осы жұмбақтар болып келеді. Жәй ғана біреуінің өзінде «жылп-жылп етеді, жылғадан өтеді» деп суды жасырып айтқан. Осылайша жұмбақтарды күрделендіріп отырған. Осылай келе-келе, тілін жаттықтырумен бірге ойын жетілдірген. Бұл біздің халықтың өзіндік этномәдениеті әрі этнопедагогикасы дер едік.

Қаркөздеріміздің бойына ұлттық құндылықтарымызды қалай сіңдіреміз?

– Бабаларымыз сөз құдіретін терең түсінген. Сондай сауатты бабаларымыздың құнсызданған ұрпағы болып барамыз ғой. Екі ауыз сөзді дұрыстап айтпайтын болдық. Аталы сөзді тыңдамайтын, сөзге тоқтамайтын, сабырсыздау, айналасындағы болып жатқан нәрсеге назар аудармайтын дәрежеге жуықтадық. Бұның барлығы ұлттық қадір-қасиетімізден ауытқудың салдары болып табылады. Мәселенің екінші ұшы қазақ тілінің таза сөйленуіне, шеберлігіне аса көңіл бөлмеуден де туындап жатыр. Осының баршасы «Күретамыр» кітабында жазылған. Осы келтірген ойындарды бала күнімізде ойнағанбыз. Ертедегі кісілер қаншама ұғым-түсінікті бір ойынның өне-бойына сыйғызып отырған.

Әсіресе, адам бала кездегі ойынын және көрген заттарын ұмытпайды. Кейінгіні ұмытуыңыз мүмкін. Бірақ бар ғой, балалық шақтағының бәрі тасқа басылғандай көз алдыңда қалып қояды. Мен міне,  жасым жер ортадан ауса да, бүлдіршін уақытымыздағының баршасы ылғи есіме түседі. Талғат деген ортаншы ағайым тізесіне отырғызып алып, «біреу», «екеу», «үшеу» т.б. деп санап үйрететін. Сөйтіп, қайталап жаттығатынбыз. Осының өзі әрі сан үйрету болса, екінші тараптан, сананы кеңейту екен ғой. Біздің балаларымызды шетелдік мультфильмдер мен ғаламтор тәрбиелеуде.

Әрбір ата-ана өзінің баласының қазақ болып қалуы үшін отының басында осыларды істесе болады.

«Он үште отау иесі» дегені міндетті түрде сол кезде үйлендіріп, әйел алып беру деген сөз емес»

Мүшел жас туралы көптеген дәрістеріңізді естіп жүрміз. Кеңірек тоқталсаңыз?

– Мүшел жайындағы әңгімені арыдан бастайық. Бұрынғы өткен ата-бабаларымыз табиғаттың қозғалысын жіті бақылаған. Айталық, күн мен түннің алмасуы, айдың жаңаланып келуі, жыл мезгілдерінің қайталанып отыруы, аспан қозғалысы – осындай дүниелерді аңдай жүрді. Өздерінің ой-санасы жеткенше ұшан-теңіз мағлұмат жинаған. Осылай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қорытындылана келіп, жұлдызды аспанның астрономиялық ғылыми түсінігін, ұғымын қалыптастырыпты. Мінекей, соның нәтижесінде көшпенді халықтың тұрмыс-тіршілігіне, өмір сүру салтына қолайлы һәм ыңғайлы қазақтың байырғы күнтізбесі құралыпты. Күн, ай, жыл санау, жұлдыздардың қозғалысын бақылау арқылы – жайлауға көшу, күйек алу, мал төлдету, шөп шабу, жүн қырқу сынды нешетүрлі шаруалардың уақытын, мезгілін дөп тауып отырған екен. Сол секілді мына кең байтақ далада, таулы аймақтарда, көшіп-қонғанда, жолаушы жүргенде, жоқ қарағанда қараңғы түнде, аспандағы жұлдыздарға қарап, өткел, суат, шыңырау, тау бар, соның баршасын біліпті.

Қазақтың көне күнтізбесінің бірегей көрінісінде – мүшел жыл есебі болып саналады. Мұның ауысу кезеңі – наурызда. Өздеріңіз білесіздер, Наурыз - жыл басы. Осыған байланысты мүшел жыл есебі есептеліп отырады. Біздің жастау күнімізде үлкендер наурызда «жасыңыз құтты болсын, көрген жасыңыздан көрмеген жасыңыз көп болсын» деп тілек айтатын еді. Өйткені, жыл басы болғандықтан, солай санаған. Өкінішке қарай, оны қолданбаймыз. Әлі күнге дейін қаңтарды жыл басы деп сүйретіліп келе жатырмыз. Сонымен бірінші мүшел 13 жас. Осыған 12 жылдан қосыла береді.

Осыны бала күнімде анамнан сұрайтынмын. Ол нәрестенің анасының құрсағында жатқан кездегі, ана жүрегінің астындағы өмір сүрген уағы қосылатынын айтатын. Алғашқы мүшел адамның аса елеулі, ең керекті белесі деп айтуға болады. Себебі, бала жеткіншек балалықтан шығып, ойы да, бойы да өсіп, ересек шаққа аяқ басқан алғашқы баспалдағы деуге болады. Қазақта «он үште отау иесі» дейді. Бұл тек әйел алушылықты білдірмейді.  Ертеде қариялар балаға «Қарағым, мінекей, мүшелге толдың. Ар жақ-бер жағыңды ажырататын межеге жеттің, сенімен санасатын, ой бөлісетін санатқа іліндің. Ат жалын тартып мінген азамат болып, өзіңнен кейінгілерге көмек жасайтын, соларды демейтін ағалық жолың басталды» дейді екен. Осындай міндет, парыз жүктейді. Осы жастағылар барлығын өзім білем дейтін, өзімшіл, кез келген нәрсеге еліктегіш, жақсы мен жаманды, адал, арамды ажырата қоймайды. Тентектіктерін ерлікке, есерлігін өжеттікке балап, олай да, бұлай да басы шайқалатын өлара кезіне тура келеді. Бұрынғылар бірінші мүшелден қауіп-қатерсіз, аман-есен өткендердің болашағын жақсылыққа болжаған. Қазіргі жасөспірімдер мен баяғыны салыстыруға болмайды. Бүгінде балалық ұзарып кеткен. Ал ерте кезде әлгіндегідей, 5-6 жаста өз үйінің қозы-лағын баққан. Халқымызда «жетіге келгенше, жерден таяқ жейді» деген. Яғни жетіге дейін ғана бала деп есептеген. Ары қарай ересектік, үлкендік өмірге қарай қадам баса бастайды. Ал «он үште отау иесі» дегені міндетті түрде сол кезде үйлендіріп, әйел алып беру деген сөз емес. Ол дегеніміз, алғашқы мүшелмен байланыстырып, мән-мағынасын тереңдетіп айтылған ой. Бұл – оң-солын танып, үлкен ғұмырдың келесі сатысын басты дегенді аңғартады. Ертеректегі балалар тірлікпен, еңбекпен есейген. Дәрігер, психологтардың 12-13 жасты өтпелі деп атауы тегін емес. Қазір балаларға қиындау. Албырт шақтарында, ұрлық-қарлыққа, есті ауыстыратын заттарға, қаңғыбастыққа салынып кетуі дәл осы өтпелі кезеңде болуда. Осы шақта әрбір ата-ана, үлкендер қатты қадағалауы керек. Балаға ұрсып-зекіп немесе шолжаңдатып емес, баламен дос-сырлас ретінде, сенімменен, өзімен тең көріп отырып тәрбиелеп, он үш жастан өткізіп жіберсе, арғы өмірі де нашар болмас. Ал осы уақытта шала басқандар, өмір-бақи өксумен өтетінін байқаудамыз.

12-ге толғанда мүшелге кіреді, 13 толған соң мүшелден шығасыз. Сонда 2 жылды абайлаған абзал көрінеді. Бұның тәрбиелік-тағылымдық мәні де зор. Адамның өзі де осы кезеңде өз-өзін бақылайды. Дәлірек жеткізгенде, арамға қол созбауға, ала жіпті аттамауға, мүмкін болғанша сауапты, игілікті істерді істеуге тырысады. Сөйтіп, адамның мінез-құлқы, психологиясының өзі өзгереді. Көрдіңіз бе, мұның сондай да әсері бар екен.

Қазақ ұғымында әрбір мүшел жас – қатерлі. Бұл жәй сөз болмай тұр. Осыны көп елемейміз. Ең негізгісі тылсымға сенбейміз. Көп жағдайларда сәтсіздіктерге ұшырап жатады. Сол үшін ата-бабаларымыз әр мүшелге кіргенде құдайы беріпті. Мұның мәнісі мүшелден аман-есен өту, біліп және білмей істелген күнәларына кешірім сұрау, рухани тазару деген ұғымды білдіреді. Өзінен кеткен кем-кетікті түзеуге тырысады. Жалпы, мүшел әрбір адам үшін қастерлі шақ саналады.

Осыған қатысты тағы да басқа ырым-тыйым, тәмсіл айтып берсеңіз?

– Кейде таңқаламыз, әрбір 12 жылда адамның ағзасында елеулі өзгерістер болатын сынды. Ғалымдардың осы ашқан жаңалығын  біздің сонау бәленбай ғасыр бұрын ғұмыр кешкен бабаларымыз қандай түйсік, қандай зердемен сезінген деп таңырқаймыз. 12 жәй бір сан емес-ті. Қарапайым ауызекі сөйлеудің өзінде «он екіде бір гүлі ашылмаған», «он екі мүшесі» деп айтады. Мұнда үлкен құдірет пен тылсым бар секілді. Мысалы, бір жыл 12 айдан тұрады. Сол әрбір айдың өзіндік атаулары бар. Ертедегі қазақтар әрбір жылдың ерекшелігін, сипатын айтыпты. Мәселенки, сиыр жылы барымта-қарымта, қақтығыс көп болады деп болжапты. Сиырлар осы ештеңені елемей, бас-көзге қарамай, үйді де басып, сүзіп кетіп жатады. Бәлкім, соған қатыстырып ырым-тыйым айтқан шығар. Соған қарап сол жылы әртүрлі келеңсіздеу жағдайлар болып қалуы мүмкін деп пайымдапты. Шынында да сондай ахуалдар орын алып жатады. Ұлу жылында жауын-шашын көп болатынын болжапты. Тауық жылын тоқшылыққа балапты. Осылайша әрбіріне сипаттама беріпті.

Ұрпақ ибалы, иманды, инабатты болсын десек, күретамырдан ажырамайық, ағайын!

– Әңгімеңізге үлкен рахмет!

Әңгімелескен Олжас ЖОЛДЫБАЙ.