Республикалық бюджетке түскен салық мөлшері 1,5 есеге өсті

Республикалық бюджетке түскен салық мөлшері 1,5 есеге өсті
Сурет: Ашық дереккөз

Осы жылғы 10 айда үшінші елдермен тауар айналымы 43,6%-ға өсті

Жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке салық түсімдері бойынша жоспар 103,4% орындалды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жоспар 11 316,8 млрд теңгеге белгіленіп, 382 млрд теңгеге асыра орындаумен 11 698,8 млрд теңге түскен. Бұл өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 1,4 есе немесе 3 400,2 млрд теңгеге өскенін көрсетеді.

«Мұның ішінде республикалық бюджет 101,1% орындалды, өткен жылғы ұқсас кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе немесе 2 518,5 млрд теңгеге өсті. Жергілікті бюджет 108,5% орындалды былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 30,8% немесе 881,7 млрд теңгеге өсті», - деп жазды ведомтводан.

Түсімдердің өсуіне мынадай факторлар әсер етті: 2022 жылы 10 айда өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда негізгі экспорттық позицияларға, оның ішінде мұнайға 46,9%, мырышқа 21,9%, алюминийге 13,9% және алтынға 0,6% бағаның өсуі байқалады. Шикі мұнайға салынатын кедендік әкету бажының мөлшерлемесі 43,1%-ға өсті.

«Осы жылғы 10 айда үшінші елдермен тауар айналымы 43,6%-ға өсті (экспорт 48,3%-ға, импорт 32,5%-ға өсті). Өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда жыл басынан бергі өткізу бойынша айналым 22 %-ға ұлғайды», - делінген хабарламада.