Республика мақтаныштары

Республика мақтаныштары
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Қазақстан өз Тәуелсіздігін алып, Республика болып құрылғалы бері, көк туды көкке желбіретіп, әлемдік аренада елімізді танытып келе жатқан спортшыларымыз аз емес. Жыл сайын еліміздің тәжірибелі спортшылары ғана емес, аға буынның артынан ерген жастарымыз да халықаралық жарыстардан жүлделі келіп жүр. Мұндай спортшыларды нағыз Республика мақтаныштары мен ел спортының болашағы деп айта аламыз.

Биыл шынайы шеберлік көрсетіп, спорттық мансабын тағы бір жүлдемен толықтырған спортшылардың бірі – Самат Сағатбеков болды. Үшарал қаласының тумасы мұхит асып, Доминикан Республикасында өткен жағажай самбо күресінен ерлер арасындағы Әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Жарыста жалпы 4 белдесу өткізген ол қола үшін кездесуде румын палуанымен кездесіп жеңіске жетті. Ол бұған дейін Қонаев қаласында өткен жағажай самбо күресінен ерлер арасындағы ішкі біріншіліктің чемпионы атанған. Айта кеткен жөн, Самат спорттың бұл түрімен 10 жасынан бастап айналысып келеді. Бүгінде ол самбо күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері. Жеке бапкері – Дәурен Жайнақов.

Жыл ішіндегі маңызды жеңістердің бірін Аружан Амангелді әкелді. Ол дзюдодан Дүниежүзілік арнайы жазғы Олимпиада ойындарынан жүлделі оралды. Германияның Берлин қаласында өткен арнайы Олимпида ойындарына 190 мемлекеттің спортшылары қатысқан. 48 келіде бақ сынаған 21 жастағы қазақ аруы өз шеберлігін көрсетіп, қола жүлде қанжығалады. Аружанның жаттықтырушысы Рустем Карымсагулов спортпен 1 жыл бұрын ғана айналыса бастаған шәкіртінің әлемдік аренадағы бұл жүлдесі өте жақсы нәтиже екенін айтады.

Биыл жұлдызы жанған жас спортшылардың қатарында Бектөре Оралханов та бар. Ол Ливан елінің астанасы Бейрут қаласында өткен тэквандодан Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. 2006 жылы дүниеге келген жас тэквандошы 6 жастан бастап спортпен айналысып келеді. Оның осы жылғы жүлдесінен бөлек, ірі жарыстарда өзге де жеңістері бар: балалар арасында ҚР чемпионы, USA Open 2020 кадеттер арасында жеңімпазы Fujairah Open 2022 жеңімпазы және Austrian Open 2022 күміс жүлдегері. Бектөренің бүгінгі бапкерлері – Руслан Шакиров және Нариман Шакиров